"Мажорлар" дәуірі өтті: Депутаттар Алматыдағы жол апатынан кейін тәртіп орнатуды талап етті
Депутат Бақытжан Базарбек жол қозғалысы саласындағы тәртіп мәселесін қатаңдатуды ұсынды.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда қоғамда үлкен резонанс тудырған жол апатына қатысты пікір білдіріп, жол қозғалысы ережелерін бұзып, қауіп төндіріп жүрген «шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлердің балалары» мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өткен Үкімет кулуарында депутаттан Алматыда адам өліміне әкелген соңғы жол-көлік оқиғаларына қатысты көзқарасын білдірді.
Бұл оқиғалардың қандай салдарға әкелгенін бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан, менің ойымша, ішкі істер органдарында кең көлемді тазарту жүргізу қажет. Ең алдымен барлық бейнебақылау жазбаларын толық қарап шығу керек. Бір басшыны қызметтен босатумен шектелу жеткіліксіз. Мен өзім Алматыда Әл-Фараби көшесінде тұрамын, күн сайын көзіммен көремін: спорткарлар мен қымбат көліктер жолда жүйткіп жүреді. Бірақ олардың жауапқа тартылып жатқанын байқамаймыз. Айыппұл салынып жатыр ма, біреу қызметінен алынып жатыр ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан мұндай тазарту тек Алматыда ғана емес, бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Мұндай “мажорлар” – жоғары лауазымды тұлғалардың, ықпалды шенеуніктердің, ірі бизнес өкілдерінің балалары. Оларды ішкі істер органдарындағы кейбір қызметкерлер қолдап отырғаны жасырын емес. Бұл тек Алматыға тән мәселе емес, барлық өңірде бар, – деді Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар тіркеліп жатқан басқа өңірлерде де тиісті шаралар қабылданып, кадрлық өзгерістер тек Алматымен шектелмеуі тиіс.
90-жылдардағы "мажорлар" дәуірі өтті. Сондықтан біз, депутаттар, осы мәселе бойынша Президентке жүгінуге дайынбыз. Ішкі істер министрінің алдына жол қозғалысы саласында тәртіп орнату мәселесін қатаң қою қажет, – деді депутат.
Сондай-ақ ол бұл жайттардың Қазақстанда күтіліп отырған әкімшілік амнистия барысында ескерілуі тиіс екенін айтты. Тиісті заң жобасы жақын арада Мәжіліске енгізіледі.