Мәжілістегі фракция жетекшілері президент үндеуіне қолдау білдірді

Еліміздегі саяси партиялардың атынан сайланған мәжіліс депутаттыры Мемлекет басшысының еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты халыққа үндеуіне қатысты пікірлерін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі уақытта бірнеше депутаттың өңірлерге барып, тұрғындардың талап-тілектерін тиісті орындарға тікелей жеткізуге күш салып жатқанын айтты.

Апат айтып келмейді. Биыл қардың күрт еруі өңірлерімізді әбігерге салып отыр. Көптеген ауыл-аймақты су басты. Көнекөз қарияларымыз мұндай көлемдегі апаттың бұрын-соңды болмағанын айтып отыр. Осындай сын сәтте бүкіл еліміз жұдырықтай жұмылып, зардап шеккен елдімекендерге қолұшын созуда. Сындарлы ахуал алғашқы сәттен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бақылауында. Мемлекет басшысы су басқан аймақтарға арнайы барып, жағдаймен жіті танысты. Бүгін ел Президенті халыққа үндеу жасап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Апат салдарын жоюға барлық күш пен ресурсты жұмылдырды. Тиісті сала қызметкерлерімен қатар, ондаған мың волонтерлеріміз де күндіз-түні көмек қолын созуда. Тұтас халқымыз да елдігін танытып жатыр. Ең бастысы – тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі. Осындай сын сәтте жанашырлық пен ынтымақ көрсету өте маңызды. Зардап шеккендерге барынша көмек көрсетейік, - деп жазды Мәжіліс төрағасы.

«Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев Мемлекет басшысының сын сағатта отандастарымызға арнайы үндеу жолдауы елімізге төнген табиғи апаттың қаншалықты күрделі екендігін көрсетеді дейді.

Тосыннан келген сынға тек елдігіміз бен бірлігіміздің арқасында төтеп береміз.Апаттың алапат қарқынымен жауапты орган қызметкерлері мен азаматтарымыз жан аямай күресуде.Президентіміз атап өткендей ең бастысы азаматтарымыздың амандығы. Апаттың қазіргі төндірген қаупі қандай ауыр болса, кейінгі зардабы да еліміз үшін оңай соқпайтыны анық. Келтірілген зиян, үшыраған шығынның орнын толтыру да халқымыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуін қажет етеді. Сол себепті де, «Ауыл» партиясы зардап шеккен азаматтарымыздың үй-жайларын қалпына келтіру үшін өткен тарихымызда өзінің тиімділігін дәлелдеген «жастардың құрылыс отрядтарын» құру бастамасын қолға алуды жоспарлауда, - дейді ол.

Сондай-ақ. ел көлемінде мұндай ауқымды бастаманы жүзеге асыру үшін барлық жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындарының басшыларын қазірден бастап ұйымдастыру шараларын қолға алуға шақырды.

Осындай игілікті шара қиындыққа тап болған отандастарымыз үшін нақты көмек, өскелең жастарымыз үшін өмірлік тәжірибе, әрі өнегесі мол бастама болмақ. Мемлекет басшысының шешімді қадамдарына нақты қолдау көрсетіп, мызғымас бірліктің мінсіз үлгісін көрсетейік, - деді «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев.

Республика партиясының өкілі Айдарбек Ходжаназаров та осындай қиын жағдайда бір-бірімізге жәрдем беру маңызды екенін айтады.

Президент барлығын қалпына келтіреміз деп уәде беріп отыр. Өте қиын, халық жылдар бойы тірнектеп жиғанынан бір сәтте айырылды. Енді сол азаматтардың өтініш-арызы қаншалықты ескеріледі, Үкімет Президент тапсырмасын қай деңгейде орындайды, соны бақылап, қадағалау біздің міндет деп ойлаймын. Қысыр сөз көңілге демеу емес. Халық атқарушы биліктен қолдау күтіп отыр. Енді соны созбалақтамай, әсіресе құжат мәселесін қиындатпай, елге барлық жағдайды жасауы керек, - деді Айдарбек Ходжаназаров.

Қазақстан халық париясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов халақты ауызбіршілікке шақырып, бұл қиындықтан бірліктің арқасында ғана шымыз деген ойын жеткізді.

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу айтты. Ол зардап шеккен азаматтар мемлекеттің ескеруінсіз қалмайтынын, берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет деп атап өтті. Бұл өте маңызды мәселе деп санаймын. Президент аймақтардағы күрделі жағдай туралы жасырмай ашық айтып халықты ауызбіршілікке шақырды. Мен толықтай келісемін, себебі, расында бірігу арқылы кез келген қиындықтарды еңсереміз, - деп жазды Магеррам Магеррамов әлеуметтік желідегі парақшада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы