Мәжілісте Жер туралы заңға қатысты отырыс басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы басталды.

Бұл - өте көп талқыланған және әртүрлі деңгейде қаралған мәселе. Өздеріңіз білетіндей, Жер кодексінің кейбір тармақтарына мораторий әлі толық аяқталған жоқ. Бірақ осы жылдың соңында бұл мәселеге толық нүкте қойылады. Осы мәселенің ішіндегі ең күрделісі – шетелдіктерге жер бермеу мәселесі. Сол себепті бүгін жұмысты бастап отырмыз. Жұмыс тобының құрамына Мәжілістің барлық комитеті өкілдері, Аграрлық комитеттің бірнеше депутаты, тиісті уәкілетті органдардың, саяси партиялардың Мәжіліс құрамына кірмеген өкілдері, қоғам қайраткелері қатысуда. Тиісті жұмыс тобы жөнінде қаулы қабылданды, - деді Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Оспанов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жерді шетелдіктерге сатуға мүлде тыйым салатын заңды Мәжіліске жолдағанын айтты. Сондай-ақ, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті Жер туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеп, жалпы отырысқа шығаруға дайын екендерін хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге жалға да беруге болмайтынын айтып, шұғыл түрде заң қабылдау керектігін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы