Мәжілісте жаңа Су кодексі таныстырылды
Мәжілісте Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз жаңа Су кодексін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кодекстің мақсаты - экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және қолдау.
Қолданыстағы құжаттан айырмашылығы, мұнда су – негізінен ауыл шаруашылығында экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы. Жаңа Кодексте басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталады, - деді вице-министр отырыста.
Болат Бекнияз заң жобасындағы алты негізгі қағидат жайлы айтты:
Бірінші. Суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі ретінде тану;
Екінші. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы;
Үшінші. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану;
Төртінші. Суды үнемдеу;
Бесінші. Су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту;
Алтыншы. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық нормалар мен халықаралық шарттар негізінде трансшекаралық суларды пайдалану.