Мәжілісте заң жобасы қолдау тапты. Енді әкімдердің жағдайы қиындай түседі
Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бюджет заңнамасын жетiлдiру туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасының басты жаңалығы - бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті қалыптастыру бойынша бюджет кодексіне түзету енгізу.
Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы есепті жыл сайын Парламентке республикалық бюджеттің жобасымен енгізу ұсынылады.
Құжатта мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылатын болады.
Сонымен қатар бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру аясында, стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр.
Парламентте жылдық есепті қарау кезінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша әкімдердің есебін тыңдау көзделеді. Бұл жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша жауаптылығын арттыруға мүмкіншілік береді, - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру шеңберінде қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіледі.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндеттемелерді қабылдауға тыйым салынады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы