Мәжілісте шахта құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысы Шахтинск қаласында орын алған шахтадағы апат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

3 қарашада Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы шахтада болған апаттың салдарынан бес адамның қаза тапқаны бәрімізге белгілі. Барлық депутаттық корпус атынан қайтыс болған кеншілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Осыған байланысты қазаға ұшыраған азаматтарымызды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. 

Осылайша, депутаттар бірауыздан ұсынысты қолдап, апат құрбандарын еске алды. 

Еске сала кетейік, өткен аптада, яғни 3 қараша күні Қарағанды облысы Шахтинск қаласында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтада жарылыс орын алып, салдарынан бес кенші мерт болды. Газ шыққан кезде шахтада барлығы 106 адам болғаны анықталды. 101 кенші жер бетіне көтерілген. 

Ал қалған  бес адам көтеру құрылғысының жұмысын қамтамасыз ету үшін шахтада қалған. Апатқа газды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газдың шығуы себеп болған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бүгінгі валюта бағамы
Өзгелердің жаңалығы