Мәжілісте Семей қаласындағы автопарк мәселесі қозғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламенттің жалпы отырысында депутат Серік Ерубаев еліміздегі автобус тасымалындағы проблемаларды атап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу бойынша шұғыл шара қабылдау жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолданған.

Сол сауалға берген жауапта вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, 2018-2020 жылдарда бюджеттен автопарктерді субсидиялауға 100 млрд-тан астам теңге, лизингпен жаңа автобустар сатып алуға 57 млрд теңге қарастырылды делінген. Алайда еліміздің әр өңірінен түсіп жатқан өтініштеріне орай, сондай-ақ аталған мәселе бойынша сайлаушылармен кездесу барысында жолаушылар тасымалдау саласында жағдайдың өзгермегеніне көзіміз жетіп, мәселені қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз, - деді Ерубаев.

Ал тығырыққа тіреліп, банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған тасымалдаушылар бірнеше қалаларда ереуілге де шыққаны белгілі. Депутат мұндай ақпарат Ақтөбе, Шымкент, Петропавл қалаларынан түскенін айтты.

Мысалы, Семей қаласындағы екі жыл бойы қызметін сәтті атқарып келген автопарк, қажетті қаражат алмағандықтан, соттың шешімімен банкрот болып жарияланып, несиеге алған техникасы түсініксіз жолмен басқа мердігерге берілген. Ал, Үкіметтің жауабында көрсеткен 100 млрд субсидия мен 57 млрд лизингке арналған қаражат қайда сонда? – дейді Мәжіліс депутаты.

Атап өтетін жайт, аталған автопаркке екі жыл бойы төленбеген субсидияларды жаңа мердігерге қала басшылары бір сәтте 520 млн теңге мөлшерінде берген.

«Бұл қаражат қайдан шықты?» және «Бюджетте жаңа мердігерге арнайы сақталып отырған ба?» деген сұрақтар туындайды. Әрине, біз банкротқа ұшыраған автопаркті ақтағымыз келмейді, соттың шешімі бойынша, оның да кінәсі бар шығар. Ал бірақ бұндай тәжірибе кең таралса, басқа да қалаларда қолдаусыз қалған автопарктердің тағдыры алаңдатады, - дейді депутат.
Мәжілісмен аса маңызды әлеуметтік мәселені шұғыл түрде шешуге шақырды. Әйтпесе, көптеген адамдар жұмыс орнынан айрылып, автобус инфрақұрылымын тежейді. Әрі қарапайым тұрғындардың күнделікті жүріс-тұрысына кедергі болып, халықтың наразылығын тудыруы мүмкін деп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы