Мәжілісте «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын іске асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.
Бейне-конференц байланыс режимінде өткен іс-шара жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттарымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктерінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы мен өкілдері, сондай-ақ Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан 2020 жылғы 10 қарашада Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қоғамдық және экономикалық өмірдің көптеген салаларын онлайн-кеңістікке көшіру киберқауіпсіздік тақырыбына ерекше назар аударғанын атап өтті.
Сонымен қатар депутат киберқауіпсіздік саласында туындайтын жаңа қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді және интернет-қылмыстың жиілеп кеткен жағдайларын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері үнемі депутаттық корпустың назарында екенін айтты.
Осы орайда тиісті құқықтық база қалыптастырылып, оны жетілдіру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.
Депутаттарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Киберқалқан-1 тұжырымдамасын іске асырудың негізгі қорытындылары және әзірленіп жатқан Киберқалқан-2 тұжырымдамасының жобасы туралы айтып берді.
Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев өз сөзінде 2021 жылдың 10 айында Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің саны 17,8 мыңды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе көп екенін баяндады.
Дүйсетаевтің айтуынша, интернет-алаяқтық фактілерінің ең көп саны Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Кибералаяқтықтық кеңінен тараған тәсілдері интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе көрсетілетін қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу (8,2 мың факт), микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыздар ресімдеу (2,7 мың), банктердің қауіпсіздік қызметтері атынан қоңырау шалу арқылы банктік шоттардан ақша қаражатын ұрлау (2,3 мың), түрлі жобаларға, ойындарға және тағы басқаларға тиімді ақша салуды ұсыну (1,9 мың), жалған сілтемелер жіберу арқылы дербес деректерді не ақшаны иелену (1,3 мың) және басқалары болып табылады. Бұл ретте алаяқтар көбінесе шығыс нөмірлерді қазақстандық ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне ауыстыру бойынша хакерлік бағдарламаларды пайдаланады.
Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттары Юрий Ли, Жұлдыз Сүлейменова, Наталья Дементьева, Сергей Решетников жауапты орган өкілдеріне бірқатар сұрақтар қойып, пікір алмасты. Отырысты қорытындылай келе, Комитет төрайымы А. Құспан біздің мемлекетіміз бен азаматтарымыздың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелі жұмысты, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да тараптардың жоғары үйлесімділігін, халықтың тиісті құқықтық және ақпараттық сауаттылығын қалыптастыруды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік бойынша құзыретті мамандардың жеткілікті санын даярлауды қажет ететінін жеткізді.
Талқылау қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға тиісті ұсынымдар әзірленді.