Мәжілісте Парламенттік тыңдауға дайындық жөніндегі Арнайы уақытша комиссияның отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» атты тақырыпта парламенттік тыңдау өтеді. Іс-шараны Экология және табиғатты пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму, сондай-ақ Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттері 22 сәуірде өткізуді жоспарлап отыр.
Осыған байланысты бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Балаим Кесебаевның қатысуымен парламенттік тыңдауды әзірлеу жөніндегі Арнайы уақытша комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Бейнебайланыс арқылы болған жиында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында өтіп жатқанын айтты.
Отырысқа комиссия мүшелері – Мәжіліс депутаттары, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, уәкілетті орталық мемлекеттік органдардың, Парламентаризм институтының, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйымдардың және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Комиссия жетекшісі болып Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бекітілді. Комиссия құрамына Мәжілістің барлық комитеттері мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Өз кезегінде, депутат Арнайы комиссияның отырысына талқылау үшін мамандар, ғалымдар, Парламентке кірмеген саяси партиялардың өкілдері, сарапшылар шақырылатынын атап өтті.
Жиын барысында Су ресурстарын басқару саласындағы қазіргі жағдай және заңнаманы жетілдіру жөніндегі жоспарлар туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов баяндама жасады.
Оның айтуынша, халық санының ұлғаюы мен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өндірісінің өсуімен су тұтыну көлемі артып келеді.
Су тапшылығында ұдайы өсім байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2021 жылғы су ресурстарының жай-күйі туралы дүниежүзілік баяндамасына сәйкес 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам тұщы судың жетіспеушілігін сезінетін болады, ал 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс 50 пайызға ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты су қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасы әлемнің барлық өңірлерінде күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналуда, – деді С.Қожаниязов.
Талқылау кезінде Арнайы уақытша комиссия мүшелері су саласының өзекті мәселелерін, трансшекаралық көздерге тәуелділік деңгейін төмендету, су нысандары мен өзен бассейндерін басқару тиімділігі, жер үсті және жер асты суларының экологиялық жағдайы, сондай-ақ су саласын ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Сонымен бірге жиында парламенттік тыңдауларды өткізу жөніндегі ұйымдастыру жайы талқыланып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.