Мәжілісте майнерлерге салық салуды міндеттейтін заң жобасы қабылданды

Бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң жобасы мен оған 4 ілеспе заң жобалары мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Заң жобасын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева таныстырды. 

Заң жобалары Мемлекет басшысының цифрлық майнингты құқықтық реттеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобаларының мақсаты – цифрлық активтерді өндіру мен айналым саласы үшін заңнамалық негіз құру. Майнерлер – Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушылары. Бұған дейін майнингтік қызметті негізінен бұлтты сервистерде бейрезиденттер жүзеге асырып келді. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізаттық қосымшасы ретінде қолданылды. Заң жобасы арқылы майнерлерді елімізде лицензия алуға міндеттейміз, яғни олар заңды тұлға ретінде құрылып, салық салудың толыққанды субъектілеріне айналады, - деп атап өтті Екатерина Смышляева.

 Айтуынша, майнинг пулдар да экономиканың бір бөлшегіне айналады.

Майнерлер мен майнинг пулдардың қызметін Цифрландыру министрлігі реттеп, лицензиялайды, ал криптовалютаны іске асыру кезеңі «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзыретінде жүргізіледі деп болжануда. Осылайша, Қазақстанда қаржы жүйесі үшін қауіп болмайды, себебі елдегі криптовалюта төлем құралы емес, оның айналымына тыйым салынған. АХҚО құрылатын экожүйеде қазақстандық криптобиржа атты жаңа қаржылық институт құрылады, - деді  депутат.  

Жаңа заң жобасы арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын реттеудің ерекше тәртібі енгізіледі деп күтілуде. Сол арқылы оларды шығару мен ауыстыру реттеліп, криптовалютаны конвертациялау кезеңінде Халықаралық қаржы орталығының майнингтік компаниялармен жұмыс істеу тәртібі анықталады. Сондай-ақ заң жобасында қамтылған цифрлық активтердің түрлері бекітіліп, олардың айналым тәртібі айқындалады. 

Заңдағы ең басты жаңалық – бүгінге дейін салық төлеуден тыс қалған майнерлерге салықтың салынуы. 

 Заң жобасын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарта отырып әзірлеген. Жаңа заң жобасы Салықтық және Әкімшілік кодекстерді, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды қозғаған.  Жоба бірінші оқылымда мақұлданды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы