Мәжілісте идеологиялық плюрализм пайда болады - сарапшы

 Президенті жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы Асхат Кеңесов Мәжілістің VIII шақырылымын, саяси реформалардың сайлау жүйесі мен партиялық жүйедегі өзгерістер жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліске және жергілікті өкілдік орган болып табылатын әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарға сайлау аяқталды. Бұл сайлаудың нәтижесін Президент бастамасымен жүзеге асырылып отырған саяси реформалардың жемісі ретінде қарастыруға болады. Өйткені аталған саяси реформалардың ішінде сайлау жүйесі мен партиялық жүйедегі өзгерістер жағымды нәтижелерін берді. Айталық, екі жаңа саяси партиялар пайда болды, мажоритарлы сайлау жүйесі қайта енгізілді, пайыздық кедергі 7%-дан 5%-ға төмендетілді, «Барлығына қарсымын» графасы енгізілді және т.б.. Осыған орай, сайлаудың қорытындысы саяси реформалардың дұрыс және уақытылы екендігін көрсетті,– дейді ҚСЗИ аға сарапшысы Асхат Кеңесов.

Сондай-ақ, саяси реформалардың маңызын, қоғамға тигізер пайдасына жекелей тоқталды. Бес ерекшелігін атап өтті.

• Біріншіден, 7 саяси партияның 6-уы Мәжіліске өтті. Парламенттік фракция саны екі есеге өсті. Осылардың барлығы Парламенттік плюрализмнің дамуы мен сапалы идеялардың бәсекелестігіне алып келеді. 
• Екіншіден, алдыңғы шақырылымдағы Мәжіліспен салыстырғанда бүгінгі күнде депутаттардың 70% жаңартылды. Ол, өз кезегінде, саяси элита мен саяси жүйенің жаңартылуына алып келеді. Сонымен қатар, тәжірибелі депутаттардың Мәжілісте болуы кадрлар сабақтастығының сақталуын көрсетеді. Тәжірибе мен жаңашылдық - дамудың кепілі.
• Үшіншіден, жаңа шақырылымдағы Мәжілісте қоғамдық пікірді қалыптастырып отырған адамдар саны өсті. Олар халық арасынан шыққан халықтың мүддесін қорғаушы тұлғалар. Бұл, өз кезегінде Парламенттегі қоғамдық күштердің балансына алып келеді. Өйткені, Мәжілістің құрамында қоғамның көптеген саласынан азаматтар кездеседі.  
• Төртіншіден, Мәжіліс әртүрлі саяси бағыттағы партиялардың негізгі күрес алаңына айналды. Себебі, сайлаудың нәтижесі бойынша сайланған депутаттар мен саяси партиялардың арасында «оңшылдар» да, «солшылдар» да бар. Сонымен қатар, көптеген жылдардан бері оппозициялық партия Мәжілістен орын алды. 
• Бесіншіден, Мәжілісте идеологиялық плюрализм пайда болды. Әр түрлі деңгейдегі әлеуметтік қабаттың өкілдері өздерінің мүдделері үшін күресіп, идеяларын ортаға салатын болады.

Оның сөзінше, мәжіліске қадам басқан  жаңа адамдар, еліміздің болашағын  алдағы бес жылдықта айқынтайтын болады.

Жалпы, Президент бастамаларының негізгі бағыттары, сайлаудан көріп отырғанымыздай, толықтай жүзеге асты десек қателеспейміз. Себебі, жоғарыда аталған реформалардың жүзеге асырылу нәтижесінде азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыра алатын заманауи Парламент жасақталды.  Жаңа Мәжіліс жаңа адамдармен біздің болашағымызды алдағы бес жылдықта анықтайтын болады, – деді Президент жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы Асхат Кеңесов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚСЗИ
Өзгелердің жаңалығы