Мәжілісте дипломатиялық қызмет туралы заң қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңы қабылданды.
Бұл заң жобасында қазақстандық дипломаттардың әлеуметтік қорғалуы өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Яғни дипломатиялық қызмет ардагерлерінің әлеуметтік қорғалуын жетілдіру мақсатында заңда «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері» ұғымын бекіту ұсынылады. Бұл санатқа зейнеткерлік жасқа толған және кемінде 25 жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның ішінде Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында 15 жыл жұмыс істеген адамдар жатқызылатын болады, - дейді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.Оның айтуныша, Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе Төтенше және өкілетті нлші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленетін болады.
Қажетті шығындарды Республикалық бюджет комиссиясы биылғы 11 тамызда қолдады. Әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл Сыртқы істер министрлігіне қарайтын сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді, - дейді министр.Сондай-ақ заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутататтар:
- «вализа», «дипломатиялық курьер», «курьерлік парақ», «дипломатиялық қызмет персоналы отбасының бірге жүретін мүшелері» ұғымдарының редакциясын нақтылауға және жақсартуға;
- дипломатиялық қызметтің қызметкері немесе жұмыскері шетелде қаза тапқан жағдайда біржолғы өтемақы төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі Сыртқы істер министрлігінің құзыретін нақтылауға;
- дипломатиялық поштаны жөнелту тәртібін, атап айтқанда дипломатиялық пошта персоналының жеке пайдалануына арналған, шет елдердегі мекемелерге тағайындалған заттар мен техниканы жөнелту тәртібін және дипломатиялық пошта айналымы кезінде Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі мекемелердің құзыретін нақтылауға;
- дипломатиялық қызмет персоналына кепілдіктер мен өтемақыларды регламенттейтін нормаларды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді.