Мәжілісте әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі талқыланды
Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның жетекшілігімен кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Отырысты ашқан Айгүл Құспан Мемлекет басшысының Бүкілармия кеңесінде әскери қызметтің беделі мен мәртебесін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, әскери қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударуға шақырғанын айтты.
Әскери қызметшілеріміздің әлеуметтік қамсыздандырылуы мен қорғалуының жай-күйі мен проблемалары бар және олардың кейбірі тұралап қалған. Сондықтан оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеуіміз керек. Осы орайда жиынға қатысушылардан нақты ұсыныстар мен креативті идеялар күтеміз, – деді Айгүл Құспан.
Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етудің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелері жөнінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының басшысы Сұлтан Камалетдинов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтындарын айтып, мәселеге қатысты сұрақтарын қойды.
Талқылау барысында айтылған ұсыныстар Үкіметке жолданады.