Мәжілісмендер балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Ералиев, Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаева және Нұржан Әлтаев жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады.
Депутаттар алдымен Талсуат ауылдық округінде орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығына барды. Айта кетейік, бұл орталық 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Мекеме басшысы Айгүл Шамшатованың айтуынша, мұнда 7 бағытта арнаулы әлеуметтік көмектер беріледі. 150 орындық орталықтың 100-і стационарлық, 50-і жартылай стационарлық қызметке арналған. Қазіргі кезде мекемеде 100 балаға көмек көрсетіліп жатыр.
«Орталықта мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға медициналық және әлеуметтік тұрғыда жәрдем берілуде. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Ғимараттағы әрбір бөлмеде қажетті заманауи құралдар жұмыс істеп тұр. Мекемеде ДЦП, РОПЦНС, эпилепсия, Дауна, гидроцефалия аурулары, сонымен бірге ақыл-есінің ауытқушылығы бар науқас балғындар емделуде. Бүгінде стационарда – 64, жартылай стационарда – 46 мүмкіндігі шектеулі бала ем алуда», - деді Айгүл Шамшатова.
Орталық директоры балаларға әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатқанын айтып өтті.
«Балалардың жеке мұқтаждықтарын өтеуге, көңіл-күйін түзеу мен денсаулығын жақсартуға көңіл бөлінуде. Ақыл-ойын дамыту, бос уақытын тиімді үйымдастыру үшін жан-жақты көмек беріледі. Тіпті заңды құғығы мен мүддесін қорғайтын қызметі түрі де бар», - дейді Айгүл Шамшатова.
Мәжіліс депутаттары мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасап отырған орталықтың жұмысына оң бағасын берді. Себебі, соңғы екі-үш жылдықта мекемеде емделген 30 адам ауруынан айығып, өз отбасына оралған. 34 емделуші өз-өзіне қызмет көрсете алатын дәрежеге жеткен. Ал 69-ының қимыл-қозғалысы жақсарыпты. Сонымен қатар, 15 адам креслоны тастап, аяққа тұрғаны қуантарлық.
Депутаттар орталық қызметкерлерімен әңгімелесіп, Елбасының тапсырмасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектер, мемлекеттің қамқорлығы турасында атқарылып жатқан жұмыстар мен бастамаларды түсіндірді.
«Біз Сыр өңірін аралап, халықпен кездесіп жүрміз. Шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігін көрдік. Әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстық. Атқарылған жұмыс ауқымды екен. Мына балаларға әлеуметтік көмек беретін орталық та нәтижелі жұмыс істеуде. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға қажет. Орталық қызметкерлерімен тілдестік, олар шешілмейтіндей мәселе қалмағанын айтып отыр. Аймақтағы тұрғындармен кездесу кезінде арнаулы әлеуметтік көмектің есептелуіндегі мәселелерді байқадым. Бұған қатысты үкіметке ұсыныс беретін боламыз», - деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.