Мәжілісмен Президент Жарлығы туралы: Ауылды қолдау - өте жақсы бастама

Мәжіліс депутат Елнұр Бейсембаев Мемлекет басшысының ауылды дамытуға қатысты Жарлығына қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ауылды гүлдендіру, өркендету керек. Біз елдегі үлкен қалалардың урбанизацияға дайын еместігін түсінуіміз қажет. Сол себептен қаладағы барлық инфрақұрылым, мәдениет үйлері, жақсы медициналық орталықтарының ауылда да салынғанын қалаймыз. Бұл - өте жақсы бастамалардың бірі, - деді мәжілісмен ҚР Президентін ұлықтау шарасынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ депутат ауылға қатысты жобаларға тоқталды. 

Бізде «Ауыл – ел бесігі» деген жоба бар. Бірақ ол жоба бойынша алдағы 5 жылға арнап сайлауға дейін 500-ақ (!) млрд теңге бөлінген. Бүгінде 200 млрд-қа жуығы ғана іске асып үлгерген. Ал алдағы жылдарға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінетіндігі айтылуда. Бұл деген қомақты қаражат, - деді Елнұр Бейсембаев. 

Сонымен қатар мәжілісмен «Жаңа Қазақстанға сенесіз бе?» деген сұраққа былай деп жауап берді.

Әділетті Қазақстанға сенемін! Ол ешқашан тоқтамайтын процесс. Бізге 7 жылдан кейін де, 10 жылдан кейін де әділетті Қазақстан керек. Соған ақырындап қадам басып келеміз деп ойлаймын, - деді депутат. 

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде алғашқы жарлығы ауылды дамытуға қатысты болатынын айтқан болатын. 

Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы