Мәжілісмен: Бір мерзімдік сайлау - биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады
Бұл туралы бүгін өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты. Бұл бастама ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Түрлі пікірлер туындады. «Президент бес жылға бір, сосын жеті жылға бір рет қайта сайлана ма?» деген сұрақтар да болмай қалған жоқ. Жалпы республика жұртшылығы бұл ұсынысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалап, қолдады. Алайда, жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды. Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді, ол жаңа үлгі бойынша, Президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді. Сол себепті, Конституцияға Президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәселені құқықтық жолмен реттейді, - дейді мәжілісмен.
Президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқаратынын алға тартқан депутат билікте әділ тепе-теңдік орнайтынына сенімді.
Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады. Бір реттік жеті жылдық мерзімнің мәнісі неде? Мемлекет басшысы бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Бұл өзгеріс әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма! Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, Ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Һакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұстанымы берік жастар саясат аренасына шығады, - деп атап өтті Жанарбек Әшімжан.
Сонымен қатар бұл – әр салада көшті бастайтын жаңа тұлғалар қалыптастыруға жасалған нақты қадам деп атады.
Бұл өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол. Президенттік мерзімнің бір реттік қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігінен, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады. Президенттік лауазым – ең алдымен ұлы жауапкершілік. Бүкіл халықтың, тұтас мемлекеттің тізгінін ұстайтын тұлға білімді, білікті болумен қатар аса жауапкершілікте болуы шарт. Сөз бен іс үйлесуі керек. 7 жылдық мерзім кез келген мемлекет басшысы үшін сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауға жеткілікті мерзім, - деді депутат.
Еске сала кетейік, бүгін Парламент Президентті бір мерзімге сайлау туралы норманы қабылдаған болатын.