Мәжіліске Қаңтар оқиғасына қатысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы ұсынылды
Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында Заңнама және сот-құқықтық комитетінің төрағасы Арман Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге қатысты айтты.
Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты – ҚР аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған не олардың жолын кесу кезінде қылмыс жасағандарды қылмыстық жауаптылықтан босату не сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту. Заң жобасы – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан мейірімділік және ізгілік актісі, - деп атап өтті комитет төрағасы.
Айтуынша, комитет заң жобасы туралы жұмысқа кірісуге дайын.
Комитет заң жобасына қатысты жұмысты қолға алуға дайын, - деді Арман Қожахметов.