Мәжіліс жылды қорытындылады
Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов жылды қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжіліс жылдың қорытынды жалпы отырысын өткізді.
2024 жыл еліміз үшін өзгеріске толы, мазмұнды кезеңге айналды. Халықаралық және жалпыұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиғалар болды. Біз әлемдік диалогтың геосаяси орталығына айналып, өзімізді жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы ретінде көрсете алдық, - деді Қошанов.
Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға лайықты деңгейде төрағалық етті.
Нәтижесінде халықаралық сарапшылар Қазақстанға "өңірде адалдықпен келіссөз жүргізуші" деген баға берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ресми іссапарлары да үлкен рөл атқарғанын айта кету керек. Мұндай іс-шаралар мен іссапарлар ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқаты артуына зор септігін тигізері анық.
Мәжіліс төрағасы Президенттің "барлық маңызды саяси шешімдер тек халықпен бірлесіп қабылданады" деген ұстанымы тағы бір мәрте іс жүзіне асқанын атап өтті.
Мұны жаңа саяси мәдениет қалыптастыру жолында жасалған елеулі қадам дер едім. Осылайша, биыл өткен референдум нәтижесі мен елдің энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы халықтың тарихи шешімі – ұлтымыздың ұйысуы мен қоғам белсенділігінің жарқын үлгісі болды, - деп айтты Қошанов.
Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аңшылық пен жануарларға қатысты жаңа заң жобасын жұмысқа қалбылдағанын, сондай-ақ халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстен шамадан тыс реттеу алынып тасталатынын хабарлаған болатынбыз.