Мәжіліс және мәслихат сайлауына депутаттар қалай сайланатыны белгілі болды
Бұл туралы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республика президентін сайлауын дәйекті өткізу, барлық деңгейдегі өкілді органдардың депутаттарын сайлау – 2022 жылғы маусымдағы референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдаған ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын нақты жүзеге асырудың жалғасы. Бүкіл сайлау циклінің басталуы Конституциялық реформаның қисынына толық сәйкес келеді, - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сонымен қатар ол сайлау заңнамасының жекелеген мәселелеріне тоқталды.
2022 жылғы 5 қарашада «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңға түзетулердің үлкен блогы енгізілген. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша «ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Конституциялық заңы қабылданды. Бұл түзетулердің көпшілігі қазірдің өзінде қолданысқа енгізілген. Мәселен, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшуге қатысты нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, - дейді Нұрлан Әбдіров.
Айтуынша, Мәжіліс депутаттарының 69-ын партия ұсынады.
Осыған сәйкес Парламент Мәжілісіне 98 депутаттың 30 пайызы немесе 29 депутат мажоритарлық жүйе бойынша, ал 69 депутат (бұл 70 пайызды құрайды) партиялық тізімдер бойынша сайланады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттардың депутаттарына сайлау толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтеді, - деді ОСК басшысы.
Айта кетейік, мажоритарлық жүйе дегеніміз – саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар дауысқа түсетін жүйе.