Мәжіліс Үкіметтің бюджет туралы есебін мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Үкіметтің бюджет туралы есебін мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің есебі Сенатқа жолданды.
Бұған дейін депутаттар Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованың Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдаған болатын.
Есепті тыңдап болғаннан кейін Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков қосымша баяндама жасады.
2022 жылы республикалық бюджеттің кірісі 16 трлн. теңгеге немесе 101,9 пайызға орындалды. Бұл көрсеткішті 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқынының 127,7 пайызды құрағанын көреміз. Алайда, республикалық бюджеттің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр, - деді депутат.
Оның айтуынша, республикалық бюджет кірісінің шамамен 34,4 пайызы трансферттердің түсімдері есебінен қалыптасқан. Бұл 5,5 трлн теңге. Оның ішінде 4,6 трлн теңге Ұлттық қордан түскен.
Депутаттар бюджет туралы есепті дауысқа салды. Дауыс беруге қатысқандар - 94 депутат, 2 депутат дауыс бермеді. Жақтағандар – 73 депутат, қарсылар – 12 депутат, қалыс қалғандар - 7 депутат.
Нәтижесінде Үкіметтің есебі қабылданды.