Мәжіліс Үкіметке мемлекеттің бизнесті қолдау шараларын үйлестіретін бірыңғай уәкілетті органды бекітуді ұсынды

Жоғары аудиторлық палатаның «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілетін мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебін қарау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атап айтқанда, Үкіметке 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін анықталған бұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктерді жою жөніндегі жол картасын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдау ұсынылды. Осыған орай, барлық мемлекеттік қолдау түрінің тиімділігін үйлестіруге, оған мониторинг жасауға және бағалауға жауапты бірыңғай уәкілетті мемлекеттік органды анықтау ұсынылды. Бұл функцияларды атқару барысы мен нәтижелері туралы жыл сайынғы кеңейтілген Талдамалық баяндама әзірлеуге де міндетті болады.

Бұдан бөлек, біртұтас экожүйе құруды, мемлекеттік қолдау шараларының толық әрі сенімді бірыңғай тізілімін жасауды қамтамасыз ету, олардың тиімділігін бағалаудың бірыңғай әдіснамалық тәсілдерін бекіту, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алушылардың да міндеттемелеріне қатысты мәселелерді реттеу ұсынылды.

Жоғары аудиторлық палатаның ескертулерін назарға алып, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция министрліктері мен оларға ведомстволық қарасты ұйымдардың, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ мен оның еншілес құрылымдарының кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға, осы салада бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін арттыра отырып кешенді талдау жүргізу ұсынылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс
Өзгелердің жаңалығы