Мәжіліс төрағасының орынбасары БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен кездесті
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадземен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз аймақтық орталықтың мақсаты мен міндеттерін ескере отырып, оның жұмысын маңызды және сұранысқа ие деп санаймыз. Біз үшін орталықтың аймақтағы әйелдердің жағдайын жақсартуға және олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үдерістеріне қатысуын кеңейтуге арналған Орталық Азия әйелдері диалогын құру жөніндегі бастамасы да маңызды, – деді вице-спикер.
Дания Еспаева орталық басшысына Қазақстанның Әйелдер диалогына төрағалық ету аясындағы қызметі мен жоспарлары туралы баяндады. Ол биыл қараша айында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» жаһандық науқаны аясындағы шолу конференциясымен аяқталады.
Біз әйелдер диалогы арқылы іс-шараларды ұйымдастыруда Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Орталық сондай-ақ «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді – бұл Қауіпсіздік кеңесі бір кездері қабылдаған маңызды қарарлардың бірі, – деді Каха Имнадзе.