Мәжіліс төрағасы Президент атынан Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойымен құттықтады

Павлодар облысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ғұлама ғалым, академиктің мерейтойы туған жері Баянауыл ауданында кең ауқымда атап өтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс спикері салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады, білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды, жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайластырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игіліктерін көріп отыр. Сәтбаев мұрасы ұлтымыздың теңдессіз қазынасы саналады. Оның еңбегін жан-жақты дәріптеу – ортақ парыз. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерекеге толы екенін атап өтті.

Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Əлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Ал, бүгінгі Сәтбаев тойы – елдіктің тойы, бірліктің тойы. Ілім мен ғылымның мерекесі, – деді Мәжіліс төрағасы.

(Мәжілістің баспасөз қызметі/Ж.Жұмабеков)

Мерейтой аясында Баянауыл ауданы Мойылды шатқалында Қаныш Сәтбаев этноауылы бой көтеріп, республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлері – көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті. Бұдан өзге өңірде «Академик Қ.И.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, естелік кітаптың тұсаукесері болды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы