Мәжіліс психологтар туралы заңды қабылдады: Не өзгереді?
Психологтарға психикаға белсенді әсер ететін заттар мен әдістерді қолдануға тыйым салынады
Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Қазақстанда психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін алғаш рет айқындап, саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын бекітеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның басты жаңалықтарының бірі – психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру. Бұл тізілімге енгізілу кәсіби қызметпен айналысудың міндетті шарты болмақ.
Құжатта психологтардың және психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланған. Атап айтқанда, құпиялылықты сақтау, клиенттің хабардар етілген келісімін алу, сондай-ақ кәсіби және әдеп стандарттарын сақтау талаптары белгіленеді.
Сонымен қатар психологтардың біліктілігіне, құзыретіне және кәсіби қызметіне қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіптік стандарт енгізіледі.
Заңға сәйкес, психологиялық көмек пен медициналық қызметтің аражігі нақты ажыратылады. Психологтарға дәрі-дәрмек тағайындауға және ем жүргізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ психологиялық көмек көрсетудің күндізгі, қашықтан және аралас форматтары заңмен реттеледі. Онлайн-платформалар арқылы қызмет көрсету тәртібі де айқындалған.
Бұдан бөлек, құжатта психологтардың әдеп кодексін сақтау міндеті бекітіліп, мамандарды мемлекеттік тізілімге енгізу және одан шығару тәртібі белгіленген.
Заңның маңызды нормаларының бірі ретінде психологиялық көмек көрсету барысында психикаға белсенді әсер ететін заттар мен әдістерді қолдануға тыйым салу қарастырылған. Бұл талап азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.