Мәжіліс Президенттің өкілеттігін қысқарту туралы конституциялық заңнама өзгерістерін мақұлдады
Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жобалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы саяси реформаларды толығымен жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Конституциялық заңның жобасы 7 конституциялық заңдарға түзетулерді енгізуді көздейді. Заңның жобасы 51 заңға, оның ішінде 15 кодекске түзетулер енгізуді қарастырады, - деді ол.
Оның айтуынша, заң жобалары 7 бағыт бойынша түзетулерді қамтиды.
Президентке қатысты түзетулер, заң жобалары Президенттің жергілікті атқарушы органдарға және Жоғарғы Сот Кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіліктерді, Сенаттағы «Президенттік квотаны» қысқарту, сонымен қатар Президент лауазымын атқару кезеңінде енгізілетін жекелеген шектеулер бойынша түзетулерді қамтиды, - деді ол.
Мусин Парламенттің қызметіне, яғни Парламент Палаталарын қалыптастыру тәртібіне қатысты түзетулер туралы айтты.
Сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне және Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ұсыныстары бойынша «президенттік квотаны» қолдану тәртібінің өзгеруіне байланысты түзетулер осы заң жобаларының аясында қарастырылған. Бұдан басқа, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Парламенттің бірқатар жаңа өкілеттіктері бойынша түзетулер бар, - деді ол.
Министр атағандай, Үкіметке қатысты түзетулер де бар.
Енді Үкіметке Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, заңды күшіне енген уақытша қаулыларды қабылдау бойынша өкілеттіліктер беріледі. Мынаны атап өткен жөн, мұндай актілер айрықша және осындай актілерді негізсіз қабылдау тәуекелдерін азайту талаптары және басқа жағдайлар осы заң жобаларының аясында қарастырылған, - деді ол.