Мәжіліс кибербуллингке қатысты заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бала құқықтарын қорғау туралы заңды қабылдады.

Еске сала кетейік, Сенат 14 сәуірде өткен жалпы отырыста кибербуллингке қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарағанын айтты.

Сенаттың түзетулері - балаға зиян келтіретін, тыйым салынған немесе өзге де таратылуы шектелген ақпаратты орналастыруға жол берген интернет ресурстармен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Сенат депутаттары БАҚ саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау құзыретін береді, - деді депутат.

Оның сөзінше, кибербуллинг фактілерін интернет ресурстарға қол жеткізуді тоқтатуға негіз болатын заңмен бекітуді ұсынды. Бұл ретте заң жобасынан уәкілетті органның тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуін шектеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті алынып тасталды.

Жалпы алғанда Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. ҚР Конституциясының 61-бабының 5-тармағына сәйкес Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады, - деп айтты Жәмилә Нұрманбетова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы