Бүгiн 2026, 10:29 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс Қазақстан-Өзбекстан су келісімін қарауға алды

Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялау туралы» заң жобасын қарауға алды.

Құжат Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз келісімін ратификациялауды көздейді. Келісім инклюзивті және орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаны іске асыруға арналған.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Келісім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару, тиімді пайдалану және су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында әзірленген.

Заң жобалары енді Мәжіліс комитеттерінде жан-жақты талқыланып, кейін палатаның жалпы отырысының қарауына шығарылады.