Мәжіліс депутаты мектеп құрылысының жұмысын қадағалады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аманкелді елді мекеніне барып, жалпы орта білім беретін мектептің құрылыс жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, онда 150 орынға арналған қосымша мектептің құрылысын жүргізіп жатқан мердігермен және тапсырыс берушімен объектілерді салу процесінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады.
Нысан 2022 жылдың мамыр айында басталған, қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс тоқтап, биылғы жылдың наурыз айында қаржысы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сапар барысында депутат құрылысы жүріп жатқан Сарапхана ауыл округі, Майлыошақ елді мекенінен 200 орындық А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне барды. Білім ошағының құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс 2021 жылы басталған. Биылдың желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс.
Мәжіліс депутаты қос нысанды аралау барысында құрылыстың бірқатар атқарылуы тиіс жұмыстарына назар аударды.
Мектеп құрылысын жоспар бойынша осы жылдан кешіктірмеу керек. Бұл нысан партия тарапынан қазір толық бақылауда. Біздің сайлауалды бағдарламамызда дәл осы нысандарды енгізіп қойған. Біздің қазір осында келу мақсатымыз жұмыстарды өз көзімізбен көріп, бақылауға алу, – деді Ерлан Әбдиев.
Сондай-ақ құрылыс сапасына да баса мән беру керектігін айтқан депутат облыстық құрылыс басқармасына жұмыстарды қадағалауға алуды қатаң түрде тапсырды.