Бүгiн 2026, 14:21 Фото: мәжіліс баспасөз қызметінен

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова:  Парламент күшейсе, жауапкершілік те күшейеді

Ұсынылған өзгерістер қолдау тапса, Парламенттің саяси салмағы артады.

Жаңа Конституция жобасында Парламенттің құрылымы мен өкілеттігіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылып отыр. Заң шығарушы органның рөлі қалай өзгереді? Бір палаталы модельдің тиімділігі қандай? Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатеринамен сұқбаттастық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Екатерина ханым, жаңа Конституция жобасы қабылданса, Парламенттің өкілеттігі нақты қай бағыттарда күшейеді?

– Жаңа жоба билік тармақтарының теңгерімін жаңаша деңгейге шығаруды көздейді. Егер ұсынылған өзгерістер қолдау тапса, Парламенттің саяси салмағы артады. Біріншіден, заң шығару процесі бір палатаның құзыретіне шоғырланады. Бұл шешім қабылдауды жеделдетіп, рәсімдерді оңтайландырады. Екіншіден, бақылау функциясы күшейеді. «Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты мазмұнға ие болады. Депутаттардың Үкімет жұмысына ықпал ету тетіктері кеңейіп, есептілік деңгейі жоғарылайды.

– Екі палаталы жүйеден бір палаталы құрылымға көшу заң сапасына әсер етпей ме?

– Қазіргі жүйеде заң жобасы Мәжілісте екі оқылымнан өтіп, кейін Сенатта қаралады. Бұл – қос сүзгі механизмі. Ал бір палаталы модельде заң жобасы бір органда үш оқылымнан өтеді. Мұнда басты мәселе – талқылаудың сапасы мен ашықтығы. Егер комитеттердің жұмысы, сараптамалық бағалау, қоғамдық тыңдаулар жүйелі ұйымдастырылса, заң сапасы төмендемейді. Керісінше, рәсімдердің қысқаруы заңдарды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл депутаттардың жауапкершілігін еселей түседі.

– Жаңа модельде Парламент Үкіметке нақты ықпал ете ала ма? Қателіктер болса, қандай тетіктер бар?

– Иә, негізгі мақсаттың бірі – атқарушы биліктің жауапкершілігін күшейту. Парламент Үкімет мүшелерін есеп беруге шақыру, бастамаларды қайта қарауға жіберу, нақты мәселелер бойынша бақылауды күшейту мүмкіндігіне ие болады. Өкілеттік артқан сайын жауапкершілік те артады. Сондықтан депутаттардың кәсіби деңгейі, саяси мәдениеті және қоғам алдындағы ашықтығы ерекше маңызға ие болады. Жалпы алғанда, бұл өзгерістер басқару жүйесін тиімді етуге бағытталған. Парламент күшейсе, елдегі саяси процестер де теңгерімді әрі сапалы бола түседі.

- Сұхбатыңызға мың алғыс.