Мәжіліс депутаты: Бір палаталы Парламент – ел үшін қажетті әрі тиімді шешім
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жарты жыл бойы болашақ Парламенттің құрылымы мен құзыретіне қатысты нақты нормалар әзірленіп, ұсыныстар енгізілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, жұмыс тобы аясында әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы нақты көрініс тапқан.
Жарты жыл бойы болашақ Парламенттің құрылымы мен құзыреті төңірегінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар бердік. Әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы жұмыс тобында айқын көрінді. Бір палаталы Парламент құру – ел тағдырын айқындайтын, өте қажетті шешім. Бұл саяси жауапкершілікті нақтылауға, партиялардың институционалдық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Президенттің бір палаталы Парламентке көшуді ұсынуы өте орынды. Сонымен қатар унитарлы мемлекеттер үшін дәл осындай модель ең тиімді болып саналады, – дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, жаңа форматта заң шығару процесі жеделдеп, ашық әрі түсінікті болады.
Барлық заңдар Парламентте үш оқылымнан өтеді. Алғашқы екі оқылым ашық талқылау форматында өтсе, үшінші оқылымда заң жобасының Конституцияға және еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкестігі пысықталады. Осы кезеңде лоббистік, жеке мүддеге немесе мемлекеттік саясатқа кереғар ұсыныстарға толық тосқауыл қойылады. Яғни үшінші оқылым – негізгі әрі кәсіби сараптаманы күшейтетін маңызды кезең, – дейді Елнұр Бейсенбаев.