Мәжіліс депутаты ауылшаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Азамат Әбілдаев Түркістан облысына сапары барысында, ауылшаруашылық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутат Сайрам ауданындағы егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салаларына мән беріп, облыстағы ең ірі мал бордақылау кешені болып саналатын «Нұрым Групп» ЖШС-не барды. Олар жаңа технологияларды ендіре отырып, қосымша 5 мың бас бұқашық алып, бордақылау кешеннің сыйымдылығын 12 мың басқа жеткізген. Онымен қоса, депутаттар бұл мал бордақылау кешенінде қосымша құрама жем шығаратын цех және мал сою алаңының жұмысымен танысты, - делінген хабарламада.
Серіктестік басшылары бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 12 000 бас ірі қара мал барын айтты. Онда 5 000 тоннаға дейін ет дайындалады. Бір жылдық табысы 3 млрд теңгені құрап, 60-тай адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кездесу барысында депутатпен бірқатар маңызды проблемалар талқыланды. Кәсіпорын ұжымы ет өнімдерін экспорттау барысындағы кедергілерді азайтып, қызыл етті экспортқа шығаруға жол ашу, ең бастысы субсидия мәселесін көтерді. Айта кету керек, елімізде субсидияның 40 тан аса түрі бар, біршама көлемі өсіп те келеді.