Мәжіліс депутаты Абай облысына барды
Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық “Ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімі Н.Ұранхаев Мәжіліс депутатымен жүздесу барысында аймақтағы түйткілдердің оң шешілуіне ықпал етуде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттері бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде Б.Ізмұхамбетов өткен жылы Президент Жарлығымен құрылған үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылып, бұған дейін екі облыс орталығында Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ғимараты ашылғанын айтып. Осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына жағдай жасап ардагерлерге ғимарат бөліп көмек көрсеткені үшін, облыс әкіміне Нұрлан Тельманұлына ризашылығын білдірді. Іс-сапар барысында Б.Ізмұхамбетов ақын Абай, Шәкәрім, Мұхтар ескерткіштерінде болып, тарихи-мәдени орындарды аралады. Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысып Абай елінің ардагерлерімен жүздесті. Ардагерлер орталығының ашылуында сөйлеген Б.Ізмұхамбетов: “Алдымен сіздерді қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын. Бұл мекен –талай Алаш арыстарының ізі қалған қастерлі өңір. Мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Президент биылғы Жолдауынды «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды»-деді. Елдік істерде аға буынға түсер жүк салмақты. Ардагерлеріміз елдің тыныштығы, ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын тұрғындарға түсіндіруде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын сұраймын. Қазіргі ғаламтордың дамыған уақытында, түрлі теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек.
Жақында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы жалпы дебатта сөйлеген сөзі әлем назарында.
Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Президентіміз көтерген ұсыныстарымен өзінің мықты дипломат екенін әлем елдерінің алдында тағы бір дәлелдеді.
Алдымызда ардагерлердің араласуын қажет ететін мәселелер көп. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді елдің арасында түсіндіріп жүруіміз керек”-деп сөзінің соңында ардагерлерді 1 қазан Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген біраз ардагерлерге “Ардагерлер ұйымының” “Құрметті ардагер” төсбелгісі мен “Құрмет грамоталарын” тапсырып, алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тіледі.