Мәжіліс депутаты Абай облысы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапарлары жалғасып жатыр. Семей облысынан бірмандатты округ бойынша сайланған Нұртай Сабильянов Абай облысының бірқатар ауданы мен ауылдарын аралап, халықпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кіндікті ауылының тұрғындары жүн-тері өндірісін ашу, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, ауылдан республикалық жолға дейінгі 60 шақырым жолды жөндеу, тұрғын үй, ауыз су, мектепті жөндеу мәселелерін көтерді.

Көктүбек ауылы тұрғындары жаңа мектеп салу, ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, өзен арнасын тазалау, өзенге көпір салу, Сатпаев тұрғындары Қалбатау-Майқапшағай жолын жөндеу туралы ұсыныстарын айтты.

Ақсуаттықтар мектеп салу, ауыл шаруашылығын дамыту, субсидия беру, жүн-тері өндірісін ашу, ет өңдеу, машиналарды тіркейтін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын ашу, Аягөз-Ақсуат және Қалбатау-Майқапшағай жолдарын жөндеу, электр желілерін жөндеу, игерілмей жатқан жерлерді қайтару, міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметтін реттеу, ауған соғысының ардагерлеріне жәрдемақыны өсіру туралы және басқа да мәселелерді ортаға салды, – деді депутат.

Көкпекті ауданының халқы көктемде су тасқыны бұзған көпірді қайта салу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Азаматтарды қабылдау кезінде аудандық аурухананы күрделі жөндеуге қаражат бөлу, балаларға арналған лагерь салу, «Қалбатау-Майкапшағай» жолын жөндеу мәселелері айтылды.

Сонымен қатар депутат «Қазавтожол» акционерлік қоғамы Абай облыстық филиалында болып, бас мердігер компанияның өкілдерімен бірге «Қалбатау-Майқапшағай» жолын қайта салу барысымен танысты.

Бородулиха ауданының Бородулиха және Петропавловка ауылдарында азаматтарды қабылдап, ауылдарда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын, спорт және демалыс орталығын және Жаңа Шүлбі ауылында салынып жатқан жылу желісі мен блокты модульдік қазандықты, дәрігерлік амбулаторияға барды. Тұрғындарды дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу, санитарлық көліктерді жаңарту, Петропавловка ауылында балабақша салу және Воскресеновка-Петропавловка жолын жөндеуді ұсынды.

Бұдан бөлек депутат Курчатов қаласына барып, инфрақұрылымымен танысып, салынып жатқан футбол алаңын, қалпына келтіріліп жатқан көпқабатты үй мен құрылысшылар аллеясын аралады. Тұрғындары қабылдау кезінде олар қалаға «ғылым қалашығы» мәртебесін беру, Семей ядролық аймағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында заңсыз қызмет үшін жауапкершілікті қарастыру, Б корпусы мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын арттыру және басқа да мәселелерді көтерді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы