Мәжіліс депутаттары: Жалпы ауыл халқының жағдайы қанағаттанарлық
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының орталығына жұмыс сапарымен мәжіліс депутаттары келді. Бейбіт Мамраев, Асылбек Смағұлов, Қанат Мусин және Снежанна Имашевалар Ақтөбе хром қосындылары зауытының ұжымымен кездесті. Депутаттар ауыл-аймақты аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты.
ҚР Парламентінің мәжіліс депутаттары тоқсан сайын 10 күндік іссапарға шығып тұрады. Ақтөбе облысына депутаттар 30 сәуірде келген. 5 ауданды аралап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көріп, мәселелерін тыңдады. Ақтөбеліктерден облыс және республикалық деңгейде шешілетін өзекті мәселелерді анықтады. Депутаттар Ақтөбе хром қосындылары зауытының ұжымымен кездесті. Қазіргі таңда аталған зауыттың өнімдері 40-тан астам елге жіберіледі. Ақтөбеден шыққан өнім экспортталатын елдер ішінде Жапония, Германия, Аустралия, Қытай, Оңтүстік Корея мен Ресей секілді дамыған мемлекеттер де бар. Зауыт жас мамандармен толығып отырады.
«Қазір әлеуметтік мәселелер аз емес. Көпбалалы аналардың, жастардың, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін тыңдап, ауылдарды аралап қайттық. Дегенмен, ауыл халқының жағдайы қанағаттанарлық. Бүгін біз Ақтөбе хром қосындылары зауытының ұжымымен кездесуге келдік. Мұнда 2 мыңнан астам адам қызмет етеді. Өнімі шетелге экспортталады. Бұл зауытта да әлеуметтік сипаттағы мәселелер бар. Баспана, зейнетақы жинақтауға, жалақы мәселелері болуы мүмкін. Дегенмен, барлық жерде нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Кей мәселе сол жерде шешіліп жатты. Себебі, бізбен бірге әкімдер де ауылдарды аралады», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев.
Ауыл тұрғындары нақты малды есепке алу, арнайы әлеуметтік көмек алу, жол, су, көгілдір отын мәселелерін көтерген. Спорт нысандарын да қажет ететін елді мекендер бар. Депутаттармен бірге ауылдарды жергілікті әкімдер де аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған.
«Ақтөбеде 1 аптадан бері жұмыс жасап жүрміз. 5 ауданға бардық. Шалғайдағы Әйтеке би, Ырғыз аудандарын араладық. Халықпен сөйлесіп, өтініш-тілектерін тыңдадық. Ырғыз ауданындағы Жаныс би ауылында 600-ден астам тұрғын бар екен. Онда 100 орындық жаңа мектеп салыныпты. Ал, мектепке 140 бала барады. Жаңа ғимаратта балалар үшін барлық жағдай жасалған. Талапқа сай. Бүгін – іссапарымыздың қорытынды күні. Келгендегі жұмысымыздың барлығын ойдағыдай орындадық. Халықпен кері байланыс орнату депутаттарға өте қажет. Маңызды мәселелердің бірі – көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көмек. Елбасы осы сұраққа маңызды көңіл бөлді. Үкіметте біз отбасының кірісін анықтау сауалын қойғымыз келеді. Кіріс пен қатар шығысты да есептеу қажет қой», - деді Қанат Мусин.