Мәжіліс депутаттары баспасөз картасы деген норманы қолдамайды – Сүлейменова

Журналистерді аккредиттеу бір ортақ ұғымға, ортақ реттелген тәртіпке негізделуі қажет, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясында Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты. 

Негізі масс-медиа мәселелері жөніндегі жұмыс тобының 16 отырысы өтті. Одан бөлек, 4 жұмыс кездесуі болды. Бүгінгі кездесуді қосқанда барлығы 21-ге жетті. Енді салыстырмалы кестені қарайтын болсақ, 179 позициядан тұрады. Соның ішінде 26 позициясы - медиа қауымдастық, азаматтық қауымдастық өкілдерімен бірлесіп әзірленген нормалар. Соларға тоқталып өтейік. Ең бірінші сұрақ тудырған – журналистерді аккредиттеу мәселесі. Өйткені Үкіметке келіп түскен нормада журналистерді аккредиттеу мәселесі және журналистерді жеңілдетілген аккредиттеу мәселесі, сонымен қатар баспасөз картасы деген үш ұғым берілді. Біз жалпы аккредиттеуді негізгі бір ұғым ретінде қалдыруды сұраймыз. Жеңілдетілген және баспасөз картасын алып тастауға байланысты «Аманат» партиясының жетекшісі Елнұр Сабыржанұлы және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бірлесіп түзету енгізді., - деп атап өтті Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова баспасөз картасы жобаға енгізілген сәттен бастап көптеген пікір туындағанын айтады.

Жалпы, аккредиттеу бір ортақ ұғымға, ортақ реттелген тәртіпке негізделуі қажет. Егер ол жеңілдетілген немесе оның онлайн, карта сынды басқа түрлерін ұсынатын болсақ, онда азаматтардың арасында түсінбеушілік болады және конституциялық теңдік мәселесіне қатысты сұрақтар туындайды. Мәжілістің масс-медиа мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері де, VIII шақырылым депутаттары да баспасөз картасы деген норманы қолдамайды және ол норманы алып тастауға байланысты түзету енгізілді, – дейді Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы