Мәжіліс Бюросында жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар қарауына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылды.
Заң жобасы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеуді, сондай-ақ интернет сапасының белгіленген талаптарына сәйкес келмегені үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту арқылы реттеушінің рөлін күшейтуді қарастырады. Сонымен қатар ұялы және тіркелген байланыс қызметтерін көрсету сапасын арттыру мақсатында айыппұлдар сомасын ұлғайту қажет және байланыс операторларын сапалы байланыс қызметтерін ұсынуға ынталандыруға тиіс, - делінген хабарламада.
Отырыс барысында депутаттар екінші оқылымда бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын қарайтын болады.
Сондай-ақ күн тәртібінің жобасында Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы бар.