Мәжіліс Бюджет кодексін қабылдады

Мәжіліс Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексін қабылдап, оны Сенаттың қарауына жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа бюджет кодексінің жобасы бойынша жұмыс Мәжілісте 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жүргізілді. Осы уақыт ішінде құжат жұмыс тобының отырыстарында талқылау барысында бірқатар өзгеріске ұшырады.

Кодекс болжамдау сапасын арттыруға және бюджеттің кірістерін ұлғайтуға бағытталған. Осы мақсатта құжатта экономика салаларының түсімдер көлеміне әсерін талдауды реттейтін нормалар қабылданды. Бұл сондай-ақ шығыстар басымдықтарын айқындауға негіз болады, яғни шешімдер салалық мемлекеттік инвестициялық жобалардың экономика дамуына әсерін ескере отырып қабылданады (ЖІӨ-ге қосқан үлесі, бюджетке түсімдердің өсуі, салаларға инвестициялардың өсуі және т.б.). Осылайша, бюджеттік заңнама қаражатты игеруге емес, экономика мен өзге де салаларда нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталады.

Мемлекеттік органдардың кірістерді жоспарлау және әкімшілендіру бойынша өкілеттіктері реттеліп, өзара іс-қимылы күшейтілді. Бұл кірістер жөніндегі бастапқы ақпаратпен алмасуды, салықтық емес түсімдерді мониторингтеуді және олар бойынша есептілікті қамтиды. Бюджеттердің орындалуы туралы жылдық есепке кірістер бойынша кеңейтілген талдамалық ақпарат енгізу көзделеді (салықтық берешек, алдын ала төлемдер, салықтық алшақтықты қолдану арқылы салық түсімдерінің толықтығы).

Өңірлік бюджеттердің кірістерінің асыра орындалған сомалары, ең алдымен, қарыздық міндеттемелерді өтеуге және газдандыру, сумен жабдықтау, жылу және электр желілері, жол жөндеу сияқты басым шығындарды қаржыландыруға бағытталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы