Мәжіліс Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылдады
Мәжіліс депутаттары Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қошанов жалпы отырыста еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсынды.
Мен жаңа ғана өз сөзімде еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсындым. Бұл – Парламент Мәжілісінің резолюциясы... Бүгін мазмұнды әрі салиқалы жиын болды. Талқылау барысында елдегі ауқымды өзгерістердің барлық тұсы қамтылды деп ойлаймын. Сөз сөйлеген әр азамат өзінің құнды ұсыныстарын жариялады. Солардың барлығы мұқият зерделенеді. Мемлекет басшысы айқындап берген жолдан жаңылмауымыз қажет. Президент реформаларын іске асыру алдағы уақытта да баршамыздың басты міндетіміз болып қала береді, - деді Ерлан Қошанов.
Спикер Қазақстан – адал еңбек табысқа жетелейтін, заң тұлғалар мен мәртебеден жоғары тұратын, ал болашағы халықпен бірге құрылатын ел екенін атап өтті.
Мәжіліс Президенттің бағытына қолдау білдіріп, Әділетті Қазақстан құру үшін барлық азаматты бірігуге шақырды.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс депутаттары ортаға салынған ұсынысты қолдап, қарарды қабылдады.