Мәжіліске Әбдіқалықованың өкілеттігін тоқтату ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Гүлшара Әбдіқалықованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 2, 3 және 8-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қазақстан Республикасы Президентінің "Г.Н.Әбдіқалықованы Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы" 2020 жылғы 28 наурыздағы № 295 Жарлығының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін. 2. Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Н. Әбдіқалықованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілсін - делінген қаулыда.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған болатын.