Мәжіліс 3 жылдық бюджетті қабылдады
Мәжіліс «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жасаған болатын.
Ал Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл республикалық бюджет жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерге сай келетінін атап өтті. Сөзінше, құжат әлеуметтік бағдарланған, мемлекеттің барлық салаларының одан әрі жүйелі дамуы үшін қаржылық негіздерді қамтамасыз етеді және жалақы, зейнетақы мен шәкіртақыларды кезең-кезеңімен арттыруды көздейді.
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарау барысында жұмыс тобының тоғыз отырысы өткізіліп, бюджеттік бағдарламалардың 28 әкімшісі, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері тыңдалды. Заң жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттар 250-ден астам түзету енгізді. Депутаттардың түзетулері бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға да, қысқартуға да қатысты болды, - деп айтты ол.
Депутаттар 2025-2027 жылдары шығыс көлемін 4 трлн теңгеден астам сомаға арттыруды, оның ішінде 2025 жылға 2 трлн теңгеге ұлғайтуды ұсынды.
Мәжіліс депутаттары Үкімет таныстырған заңды талқылап болғаннан кейін, құжатты дауысқа салды. Нәтижесінде отырысқа қатысқан 93 депутаттың 82-сі жақтап, 11-і қалыс қалды.