Майра Айсина: Бұл тарихи шешімнің маңызы тереңде
Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина Ұлт көшбасшысының есімін иеленген еңселі Елорда - Тұңғыш Президентіміздің төл қаласы, оның алысты меңзеген арман-қиялының бір көрінісі екенін айтады.
Халық қалаулысы Ұлт Көшбасшысының тәуелсіз еліміздің туын тігіп, шекарасын түгендеп, бейбітшіл, ақ ниетті бәтуәлі жұртымыз бар екенін мәшһүр еткен ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайтынын жеткізді.
«Жақсының жақсысын айт - нұры тасысын демекші, атам қазақ, Елбасының елімізге, халқымызға атқарған еңбегі зор екенін айтудың қажеті жоқ сияқты, ағайын: бәрі көз алдымызда ғой! Талай қиындықтан сүрінбей, жығылмай, еліміз аман-есен, аспанымыз ашық, нық аяғымызға тұрып, болашаққа қадам басып келеміз. Осы бейбіт өмір үшін біздің отбасымыздың Елбасына алғысы шексіз. Неге дейсіздер ме? Оның себебін айтайын. Апайым Тәжікстанда тұратын. Әуелде мектепте ұстаз болып, кейін халық қалауымен округ әкімі (оларда – раис), жездеміз дәрігер болып, бес балалы, шаңырақ боп өмір бақытты кешіп жатты. 1991 жылы соғыс басталып, оның зардабы біздің отбасымызға оңбай тиді: апайым балаларымен ауыр да азапты күндерді бастарынан өткеріп, елге оралды, жездемізді көз алдарында атып тастағанын көрген апайым да, балалар да естерін жия алмай келеді. Мұндайды өз басыңнан өткізгенде ғана бейбіт өмірдің қадірін әрбір жүйке тамырыңмен түсіне де, бағалай да біледі екенсің», - дейді Майра Айсина.
Халық қалаулысы жүздің үстіндегі ұлттар мен ұлыстар, әртүрлі дін өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың маңына топтастырып, қысталаңда жол тауып, елін мақсатты биігіне бастай білген Тұңғыш Президент есімінің елордаға берілуі тарихи шешім екенін алға тартады.
«Өмірінде ағаш отырғызу, үй салу, бала тәрбиелеу - әр азаматтың парызы”, - дейді ата-бабамыз. Сол 90-шы жылдары еліміз тізерлеп қалғанына қарамай, үй салмақ түгілі астанамызды басқа қалаға көшіреміз деп, бір өзі ғана соған сеніп, бәрімізді көндіріп те жүрген Елбасы емес пе еді? Бүгінде кең-байтақ жерімізде ешкімнің алдында ұялмайтындай, бәріміз мақтан етіп жүрген әсем қала орнады. Олай болса, елордаға Нұр-Сұлтан есімінің берілуі Тұңғыш Президент еңбегіне берілген лайықты баға. Әрі бұл тарихи шешімнің маңызы тереңде. Кейде бір отбасы мүшелерінің басы бір үйге сыймай, тіл табыса алмай, жанжалдасып жатамыз. Ал, Қазақстан деген ортақ үйімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бірлікте, татуластықта, тұрақтылықты, ауызбіршілікті сақтап келеміз.Тағы бір мысал. Жасыратыны жоқ, ауылда да, қалада да көршілеріміздің бәрімен бірдей татумыз ба? Ал, Қазақстан қазір көрші елдермен мыңдаған шекарасын белгілеп алды! Бүгінгі таңда Қазақ елін барша әлем мойындады. Қай жерде жүрсек те: “Қазақстаннанмын”- десең, “Оh! Nursultan! Oh! Nazarbayev!” - дейді. Бұл да Елбасы саясатының арқасында емес пе!», - дейді Майра Айсина.