Майқайыңда іздеу жұмыстары неге тоқтатылды

Майқайыңалтын кен орнында автобуспен бірге шұңқырға құлаған екі адамның мүрдесі әлі күнге дейін табылмады. Іздеу жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бұған дейін құтқарушылар қазу жұмыстары уақытша тоқтатып, кейін қайта басталады деген болатын. Десе де, жер қойнауына түсіп кеткен автобус енді іздестірілмейді.

Кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботиннің айтуынша, жер қазу жұмыстарын мамандардың күшімен жүргізу туралы шешім қабылданған.

Біз ауыр техниканың көмегімен траншеяларды кеңейтіп, ойықтың түбін тереңдете бастадық. Қазу жұмыстары үш апта бойы үздіксіз жүргізілді. Осындай күрделі шараны жүргізу үшін алдымен жер қазу жобасы әзірленуі керек еді. Бұл жұмысты қолға алатын фирманы да таптық. Алдын ала келісімін алдық. Бірақ, уақыт өте келе мамандар тобы райынан қайтып, күрделі іспен айналысудан да бас тартты. Осылайша, біз де жұмысымызды тоқтаттық. Кейін өзге мамандардың көмегіне жүгініп, ойықты көрсеттік. Кәсіби мамандар топырақ кез келген уақытта опырылып, автобус құлаған жерде терең шұңқыр пайда болғанын ескертті. Қаза берсек, құтқарушылар да құрдымға кетуі мүмкін ғой. Біз де ойымызды өзгерттік. Қазу шаралары алдағы уақтты жалғаса ма, жоқ па, оны айта алмаймыз. Біздің құзырымызда емес, - дейді Қуаныш Ботин.

Бүгінде Қонаев атындағы тау-кен институты ғалымдарымен байланыс орнатылған. Зерттеушілермен бірге алтын кеніші толық тексерілуде. Бізді терең шахталардың қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын наурыз айының соңына дейін жүргізеді. Кейін кен орнының алдағы болашағына қатысты шешім қабылданады.

Еске салсақ, апат екі айдан астам уақыт бұрын болды. Автобус ішіндегі екі адамның денесі табылып, шығарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы