Шекарадан маймылдарды қапқа салып өтпек болған азамат ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік шекарадан 26 маймылды 8 қапқа салып өтпек болған 41 жастағы Ресей азаматын құрықталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе шекара отрядының «Жайсаң-авто» бөлімшесінде Қазақстаннан Ресейге қарай кетіп бара жатқан 41 жастағы ресейліктің УАЗ «Патриот» жекеменшік автокөлігінен шекарашылар 8 қапқа салынған 26 тірі маймыл (макакалар) тауып алды. Маймылдарды шекарадан өткізуге рұқсат беретін ешқандай құжаттары болмағандықтан, Мәртөк аудандық ветеринарлық инспекция қызметкерлеріне тапсырылды.

«Сенбіде сағат 02.00-лер шамасында Тараз шекара отрядының «Ақсуат» заставасының аумағында шекара наряды кептірілген өсімдік текті зат толтырылған 3 қапты мемлекеттік шекарадан бергі бетке өткізбек болып әрекеттеніп жатқан адамның үстінен түсті. Ұсталған адам (өзімен бірге ешқандай құжаттары жоқ) өзін 1983 жылы туған Қырғыз азаматымын деп таныстырды. Оған шекара бұзуға көмектескен адам болуы мүмкін деген күдікпен көршілес елдің шекарашылары болған оқиға туралы хабарланды. Жасалған сараптама қорытындысы қаптарға толтырылған өсімдік текті заттың, салмағы 10 кг 400 грамм «марихуана» есірткісі екендігін растады. Ұсталған азамат Жуалы аудандық полиция бөліміне тапсырылды», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Сонымен қатар, Петропавл шекара отрядының «Бидайық-авто» бөлімшесінде шекара наряды біздің елден Ресейге қарай жекеменшік «Тойота» автокөлігімен өтпек болған 36 жастағы ресейлікті ұстады. Шекарашылар қызметтік иттің көмегімен оның автокөлігінің рөлінің астынан, қалташаға салынған сұрғылт-жасыл түсті, өзіндік иісі бар, салмағы шамамен 5 граммдай болатын өсімдік текті зат тауып алды. Табылған зат «гашиш» есірткісі болуы мүмкін деген күдікпен иесімен бірге Уәлиханов аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

«Қордай шекара отрядының «Қордай-авто» бөлімшесінде шекарашылар өткен түнде Қырғыз Республикасынан біздің елге қарай өтпек болған 48 және 20 жастағы екі қазақстандықтың біріншісінің аяқ киімінің ішінен 2 граммдай «гашиш», екіншісінің жеке заттарының арасынан дәл осындай мөлшерде «марихуана» есірткісін тауып, Қордай аудандық полиция бөліміне тапсырды», - деп жазылған шекара қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Жаркент шекара отрядының шекарашылары өткен түнде, сағат 00.00 шамасында Текелі тауларының шатқалдарының бірінде 35 жастағы қазақстандықты ұстады. Оның сөмкесінен салмағы 8 кг-ға жуық «пияу» өсімдігінің тамырлары табылды. Ұсталған азамат ҚР ҚК 339-бабына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін. Әзірше, Текелі қаласындағы Ескелді аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Ал Бейнеу шекара отрядының «Бейнеу-теміржол» бөлімшесінде «Нүкүс – Бейнеу» бағытындағы № 647 пойызды тексеру барысында 50 жастағы Өзбекстан азаматынан кедендестірілмеген 3 918 000 теңге табылды. Ұсталған азамат «Бейнеу» кеден бекетіне тапсырылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы