Маймыл шешегін жұқтыру бойынша АҚШ көш бастап тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маймыл шешегін жұқтыру бойынша АҚШ әлемде бірінші орынға шықты.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Мұнда 3 жарым мыңға жуық адам індет құрығына іліккен. Әсіресе, Нью-Йоркта ауырып жатқандар көп.
Өткен аптада мұнда алғаш рет ауруды балалар жұқтырған болатын. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, президент әкімшілігі елде төтенше жағдай енгізу жағын қарастырып жатыр. Айта кеткен жөн, бұған дейін негізінен Африка мемлекеттерінде тіркеліп келген маймыл шешегі мамырдың басынан бері әлемнің өзге елдерінде тез тарап барады.
Бүгінде 70 мемлекетте 16 мыңнан аса дерек расталды. Бірер күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік деңгейде төтенше жағдай жариялаған еді.
Бір жаманы – адам маймыл шешегін жұқтырғанын бірден білмей қалуы мүмкін. Оның белгілері 21 күн ішінде байқалады. Бұл уақыт ішінде ауруға шалдыққан кісі оны көп адамға жұқтыруы мүмкін,- дейді АҚШ Қоғамдық денсаулық сақтау қауымдастығының директоры Джордж Бенджамин.