Маймыл шешегі қаншалықты қауіпті? - министрлік түсіндірді
Маймыл шешегі мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маймыл шешегі алғаш рет 2022 жылдың мамырында тіркелгеннен бері 99 мыңға жуық жағдай тіркелген, соның ішінде 189 адам қайтыс болды. Эндемиялық елдерге Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы жатады. Бүгінгі таңда республикада эпидемиологиялық жағдай тұрақты, инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Тәуекелдерді бағалау жүйелі түрде жүргізіледі, оның ішінде көршілес елдердегі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізіледі, - деді вице-министр.
Нұрлыбаев Африка елдерінен және инфекция таралған мемлекеттерден келген азаматтарға ерекше назар аударылатынын айтады.
Бұл елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Ғалымдардың айтуынша, індеттің жұқпалығы жоғары емес. Қазақстан Республикасының аумағында індеттің пайда болуы минималды.Осыған қарамастан, министрлік аталған инфекцияның ел аумағына енуіне жол бермеу үшін барлық қажетті профилактикалық шараларды қабылдауда. Бүгінгі таңда мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Осы инфекцияға күдікті науқастарды әкелу және сәйкестендіру жағдайында әртүрлі сценарийлер үшін медициналық қызметтердің әрекеттерінің алгоритмдері әзірленді, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов маймыл шешегіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.