Маймыл шешегі. Ауру жануарлар арқылы адамға жұға ма?
Әлемнің бірқатар елінде «маймыл шешегі» ауруы тарап, әбігерге салып жатыр. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі инфекцияның таралу жолдары мен сақтық шаралары жайлы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықовамен әңгімелескен еді.
- «Маймыл шешегі» дегеніміз не?
Orthopoxvirus тұқымдасының өкілі маймыл шешегі вирусы (MPXV) тудыратын зооноздық ауру. Вирус патогендігі бойынша 1-топқа жатады, ДНК құрамдас. Инфекцияның табиғи резервуары белгісіз, тиіндер мен маймылдар сияқты әртүрлі ұсақ сүтқоректілер вирусқа бейімді келеді. Вирус көздері мен резервуары - дала иттері, африкалық тиіндер, тышқандар, гамбиялық егеуқұйрықтар мен приматтар.
- Инфекция адамға қалай жұғады?
Ауру ауа-тамшылы жолдар арқылы жұғады, яғни вирус ұзақ уақыт бойына бір бөлмеде болған жағдайда, тыныс алу кезінде бөлінетін тамшы бөлшектері немесе аэрозольдері арқылы адам ағзасына енеді. Сондай-ақ қарым-қатынас арқылы да жұғады, яғни «бетпе-бет» байланыс (сөйлесу немесе тыныс алу кезінде), теріге жанасу (жанасу немесе жыныстық қарым-қатынас арқылы), «ауыздан ауызға» жанасу (сүйісу арқылы), «ауыздан теріге» жанасу (жыныстық қарым-қатынас немесе бетінен сүю арқылы). Сонымен қатар, алиментарлық жолмен берілуі мүмкін - мұқият термиялық өңдеуден өтпеген етті жеген кезде. Вирус денеге зақымдалған тері, шырышты қабаттар (ауыз қуысы, жұтқыншақ, көз, жыныс мүшелері, анус және тік ішек) немесе тыныс алу жолдары арқылы енеді. Маймыл шешегі отбасы мүшелеріне берілуі мүмкін. Сондай-ақ жыныстық жолмен де берілуі мүмкін. Бірнеше жыныстық серігі бар адамдарда вирусты жұқтырудың қаупі жоғары.
- Ауру жануарлар арқылы адамға жұға ма?
Маймыл шешегінің жануарлардан адамға ауру жануарларын тістеу немесе тырнау арқылы, аң аулау, терісін алу, тамақ дайындау, терісімен жұмыс істеу немесе жануарлардың етін жеген кезде жұғады. Жануарлар популяциясындағы вирус айналымының ауқымы толық белгілі емес және қазіргі уақытта одан әрі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Адамдарға маймыл шешегі киім-кешек немесе төсек-орын сияқты ластанған заттардан, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінде немесе тату салондары сияқты қоғамдық орындарда өткір құралдармен жарақат алу кезінде жұғуы мүмкін.
- Маймыл шешегі қанша кезеңнен немесе сатыдан тұрады?
Аурудың бұл түрінің инкубациялық кезеңі әдетте 6-дан 13 күнге дейін, бірақ 5-тен 21 күнге дейін өзгеруі мүмкін. Кейде клиникалық көрініс бермеуі де мүмкін. Продромальды кезең: бұл кезеңнің ұзақтығы 1-4 күн аралығы, қызба, бас ауруы, арқа ауруы, миалгия, жалпы әлсіздік, лимфа түйіндерінің ісінуі (лимфаденопатия) болады. Бөртпе кезеңі: 3-4 күнде аралығында қызба 38,5° C дейін төмендейді де, бетте, аяқтарда, алақандарда, ауыз қуысы, шап пен жыныс аймағында, ануста, содан кейін денеде бөртпе пайда болады. Бөртпелер 30% жағдайда жыныс мүшелерін, 20% жағдайда көздің қабақ аймағын зақымдайды. Жыныс мүшелері мен көз аймағында қатты ауырсынады. Маймыл шешегі әдетте өздігінен қайтады, бірақ кейбір адамда, әсіресе, балаларда, жүкті әйелдерде немесе басқа денсаулық жағдайларына байланысты иммунитеті төмен адамдарда ауыр өтіп, көру қабілетінің төмендеуі, тыныс алу жеткіліксіздігіне, қан кетулер мен анурия сияқты әртүрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.
- Шет елге баратын азаматтарға арналған ұсыныстарыңызды айта кетсеңіз.
Эндемиялық аймақтарға барған кезде абай болыңыз және барлық сақтық шараларын қолданыңыз. Басқа елге барар алдында осы аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты тексеріңіз. Бұл сізге қауіптерден хабардар болуға және қажетті сақтық шараларын қабылдауға көмектеседі. Тері бөртпелері немесе аурудың басқа белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынасты азайтуға тырысыңыз. Науқастарға күтім жасау кезінде маскалар мен қолғаптар және жеке қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Егер сізде ауру белгілері пайда болса, инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін басқа адамдармен байланыста болудан аулақ болыңыз. Масканы қолданыңыз, теріңізге және бөртпелерге қол тигізбеңіз. Қолыңызды жүйелі түрде жуыңыз және жанасқан беттерді зарарсыздандырыңыз. Егер маймыл шешегіне ұқсас белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Елге оралғаннан кейін 21 күн ішінде бөртпе безгегі, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ісінуі сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз. Медициналық мекемеге барған кезде дәрігерге тиісті тағайындауы үшін қайда болғаныңызды және кіммен байланыста болғаныңызды хабарлауды ұмытпаңыз.
- Әңгімеңізге рахмет!