Талдықорғанда тәулігіне 500 тонна майлы дақыл өңдейтін зауыт ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Талдықорғанда тәулігіне 500 тонна майлы дақыл өңдейтін, жалпы құны 5,8 млрд теңге болатын жаңа зауыт ашылды. 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы, Еңбек Ері Сергей Терещенко және белгілі кәсіпкер Темірхан Досмұхамбетов қатысты.


С.Терещенко облыс басшылығына, серіктестеріне, құрылысшыларға және осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан жандардың бәріне рахмет айтты.

Осы индустриалды аймақтың табысты жұмыс істеуіне жергілікті билік барлық жағдайды жасапты. Жарығы бар, суы, газы, барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Енді тек қана кәсіпорындар салып, өнім шығару керек. Біз бұдан әрі қоспа жем өндірісін, жеміс сүрлеу зауытын құруды жоспарлап отырмыз. Ал бірінші кезеңінде бүгін өсімдік майын шығаратын зауыт аштық, күнбағыс пен рапстың дәнін өңдейміз. Осы жағдайды пайдаланып, осы индустриалды аймаққа жаңа зауыт салуға шақырамын, жаңа жұмыс орындарын бірге құрып, отандық өнім өндіруге атсалысайық, - деді С.Терещенко. 
Облыс әкімі Амандық Баталов та алдымен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тілегін білдіріп, мамыр мерекесінің маңызын атап өтті.
Бүгін елімізде ерекше мереке - Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз жетістіктеріміздің барлығына береке-бірлігіміздің, татулығымыздың арқасында қол жеткіздік. Алматы облысында 100-ден астам этнос өкілдері тұрады және олардың әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлестерін қосуда. Олардың арасында кәсіпкерлер мен инвесторлар көп. Бүгін біз бірлесіп "Талдықорған" индустриалды аймағында майлы дақылдар өңдеп, өсімдік майын шығаратын "Жетісу-Мажико" зауытын іске қосып отырмыз. Инвесторларға зор алғыс айтамын. Біз өз тарапымыздан индустриалды аймақ құрып, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еттік. Жалпы мемлекет қолдауының және қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы Алматы облысының өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтады. Біз бәріміз бірлесіп Елбасының басты тапсырмаларын, Тұңғыш Президентіміздің сара жолын жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттерін орындау мақсатында жұмыс істеп келеміз. Бұл жұмыстар инвестиция тартуға, жаңа технологиямен жұмыс істейтін заманауи өндіріс орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Бүгінгі ашылып отырған зауыт – соның айқын айғағы, - деп атап өтті облыс әкімі.

Мұнан соң бизнесмен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Темірхан Досмұхамбетов сөз алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстарға тоқталып өтті.
Алматы облысы өте жылдам дамып келеді. Инфрақұрылымы жақсы, облыс басшылығы инвесторларға қолайлы климат қалыптастырған. Сондықтан өңірге инвестиция тартылуда, өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Сондықтан жаңа зауыттың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы зауыттың табысты жұмыс істеуі үшін келесі жылы 500 гектарға рапс өсіріп, одан әрі алқабын кеңейтіп, қолдау білдіремін, - деді Т.Досмұхамбетов.

Кәсіпорынның лентасын қию дәстүрі атқарылып, жаңа зауыт жұмысына кірісті. Мұнан соң қонақтар зауыт ішін аралап, оның жұмысымен "Жетісу-Мажико" агрокешені" ЖШС президенті Сергей Симонов таныстырды.

Атап өтсек, жобаның жалпы құны - 4,4, млрд теңге. Бірінші кезеңде 50 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатына шыққанда және зауыт іргесін кеңейту арқылы 500-ге тарта жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Жаңа зауыт ыстықтай сығымдау тәсілімен өсімдік майын шығарады. Ол тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді, соның нәтижесінде өсімдік майы мен жом өндіріледі. Бүгінгі күні зауыт шикізатпен 100% қамтылған. Неміс өндірушілерінің құрал-жабдықтары орнатылған, сол арқылы алынатын өнім сапасын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экструзионды технологиямен өңдеу қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар таяу болашақта Қытайға экспортталады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада Талдықорғанда жалпы құны 22,9 млрд теңге болатын, 528 жаңа жұмыс орындарын құратын тағы 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылады ("Лунюань Жетысу", "Green Techology Partners", "Алмаз Керамикс" ЖШС-лары), соның екеуі "Талдықорған" индустриалды аймағына орналастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы