Мәйітті кеспей өлім себебін қалай анықтауға болатыны айтылды
Бұл үшін виртуалды аутопсия әдісін қолдануға болады екен. Қазір еліміздің мамандары осы әдісті зерттеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Виртуалды аутепсия (виртопсия) - бұл дененің егжей-тегжейлі проекциясын алу үшін КТ сканері арқылы адамның инвазивті емес аутопсиялары (кесілмеген) орындалатын жаңа медициналық технология.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, құқық қорғау органдарының мәйітті сот-медициналық сараптау кезінде сарапшылардың алдына қоятын негізгі міндеті - өлімнің себебін анықтау. Зерттеу енгізілетін болса кей жағдайларда мәйттерді кесудің қажеттілігі болмайды. Себебі кей жағдайларда ұлттық және діни салт-дәстүрлерге сүйеніп қаза болған адамның жақындары мәйтті кеспеуді сұрайды.
Ашық дереккөздерге сәйкес виртуалды аутопсия әдісі белгілі бір дәрежеде Швейцарияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Үндістанда, Жапонияда, Швецияда, Норвегияда, Түркияда, Сауд Арабиясында, Ресейде қолданылады.
Виртуалды аутопсия әдісін енгізудің мақсаты заманауи технологияларды енгізу арқылы сот-медициналық зерттеулер процесін оңтайландыру. Мәйітті зерттеудің дәстүрлі инвазивті әдісі (аутопсия) дененің 3 қуысын: кеуде, іш және бас сүйегін ашуды қамтиды. Бұл жағдайда өлімнің себебін анықтау үшін ми, жүрек, өкпе, бауыр, асқазан және басқа мүшелер зерттеледі.
Қазіргі уақытта жоспар бойынша әдістің тиімділігін алдын ала талдау, оның ішінде виртуалды аутопсия әдісін пайдалана отырып, зерттелетін өлім-жітімнің санаты мен шектеулерін анықтау үшін елдің бір өңірінде пилоттық жобаны енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Еске сала кетейік, осыған дейін елімізде мәйіттерді пышақ тигізбей зерттейтін жүйе енгізілетіні туралы жазғанбыз.