"Майдандастарымды сағынамын". Соғыс ардагері Төлеубай Чектыбаевтың жан сыры

83-атқыштар дивизиясының құрамында жапон басқыншыларына қарсы шайқасқан ұлт батыры Төлеубай Чектыбаев ерлігі ұмытылмақ емес. Ол өзге сарбаздармен бірге Харбин қаласын азат етуге атсалысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көңіл төрінде қалған көріністер

Екінші дүниежүзілік соғыстың қан-қасабы мен азабы әлі де жүрек төрінде. Бүгінде сол қанды майданнан оралған батырлардың саны сиресе дек ерлігі әлі ел жадында. Оны біз ұмытқанымызбен тарих ұмытпайды. Азаттықтың ақ таңы үшін арпалысқа түскен азат ерлердің жүрегі елім деп қана соқты. Оны бүгінде ғасыр жасаған Төлеутай қарияның өзі айтып отыр. Қарттықтың шырмауына түскен алып ердің естелігі көңіл көзесін шайқайды. Бүгінде елінің амандығын тілеп, хәлін сұрап келген жастарға ақ батасын беруден жалыққан емес.

Соғыс – жүрекке мәңгілік жара салған зұлмат. Біз оны бастан өткердік, от пен оқтың арасында жүріп, талай жанның үзілгенін көрдік. Майдан даласы жас жігіттерді ерте есейтті. Өлім мен өмірдің арасында арпалысып, туған жердің бір уыс топырағы үшін жанымызды шүберекке түйдік. Қаншама боздақ туған елдің топырағын көре алмай, жат жердің қойнауында қалды. Бізге бұйырған тағдыр – сол күндердің куәгері болып, бейбіт күннің қадірін ұрпаққа жеткізу. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт өмір – оңай келген жоқ. Оны сақтау – әр азаматтың парызы. Біз көрген зұлматты кейінгі ұрпақ көрмесін. Бейбітшіліктің құнын білу үшін соғыс көру шарт емес. Тыныштық – баға жетпес байлық. Елдің амандығы мен бірлігінен асқан қасиетті нәрсе жоқ. Ұрпағым, сендерге айтарым – туған жерді сүйіңдер, бір-біріңді қадірлеңдер, елдің тыныштығын сақтаңдар. Біз майданда жеңісті жақындату үшін жан аямай күрестік, ал сендер сол жеңістің аманатын болашаққа жеткізіңдер. Еліміз аман, көк туымыз мәңгі желбіресін!, - дейді соғыс ардагері.

Жетісу жерінен мыңдаған сарбаз соғысқа аттанды. Соның басым бөлігі елге оралмады. Қаншама үй қара жамылды, қаншама әйел жесір қалды, қаншама ана қайғыдан қан жұтты, қаншама бала жасына жетімдіктің қамытын киді. Айтуға оңай болғанымен, олардың тағдыр талайына көз жүгіртсеңіз көңіліңіз толқиды. Ауыл-ауылдан аттанған жас сарбаздардың жаңғырығы әлі дала төсін кезіп жүргендей дейді кейіпкеріміз. Ғасырдың биігіне шықса да сол майдандастарына деген сағынышы сарқылған емес.

Тарих - уақыттың үні, елдің жадында мәңгілік сақталатын асыл аманатымыз. Әсіресе, қай шайқаста болмасын елі үшін тобығынан қан кешіп, кеудесін қылышқа да, оққа да төсеген майдангер батырлар қазақта аз болған жоқ. Солардың бірі, әрі бірегейі: Семейдің сайын дала төсінде, шежірелі Абай облысының құтты бір өлкесінде, 1925 жылдың көктемінде, аспанға қараторғай үн қосқан бір шақта, жарық дүниеге бір нар тұлға келді. Қазақтың қайсар ұлы, тағдыр тезіне тайсалмай төтеп берген арда азамат, елдің біртуар перзенті Төлеубай Чектыбаев. Қара шаңырақтың үкілеп өсірген ұлы бала жастан-ақ тіршіліктің ащы-тұщысын татып, еңбек деген ұлы мұраттың қасиетін ерте ұғынды. Ауылы малшылықпен күн кешсе де, Төлеубай бозбала шағында-ақ туған жердің қадірін, маңдай тердің нарқын түсініп өсті. Жеті жылдық мектепті тәмамдап, жас жігіт еңбектің майданына бел шешіп кірісті. Ауыл ақсақалдарының батасын алып, елінің ырысын еселеу жолында қарттармен қатар жүріп, тер төкті. Сол уақыттың ауыртпалығын еңсере отырып, қара шаңыраққа береке дарыту үшін бар күш-жігерін жұмсады.

Ер ерлігі – ел жадында

Алайда бұл бейбіт күннің шуағы ұзаққа созылмады. Қанды қасап Екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта, бүтін бір ұрпақтың маңдайына тауқымет жазылғандай болды. Ер азаматтар жаппай майданға аттанып, туған жер төсінде қарттар мен аналар, бала-шаға ғана қалды. Сол қиын күндері қара жердің қасиетін білетін еңбек адамдары майданның берік тірегі бола білді. Бидайдың әр дәнін, шөптің әр түйірін алтынға балаған сол бір шақта, Төлеубай Чектыбаев та қара жұмыстың нар жүгін арқалап, күні-түні тынымсыз еңбектенді. Бірақ еңбек даласындағы ерлік оның болашақтағы тағдырының тек кіріспесі ғана еді.

1943 жылдың қақаған қаңтарында Жарма аудандық әскери комиссариаты оны әскерге шақырды. Жас жауынгер алыс қиырдағы әскери дайындықтан өткен соң, 1944 жылы соғыстың сұрапыл майданына аттанды. Беларусь жерінен басталған жорық жолы Венгрияның Балатон көліне дейін жалғасты. Қан кешіп жүріп, от пен оқтың арасымен шеру тартқан жауынгер 1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-атқыштар дивизиясының құрамында жапон басқыншыларына қарсы шайқасқа қатысты. Сол бір тарихи сәттерде ол өзге сарбаздармен бірге Харбин қаласын азат етуге атсалысты.

Соғыс – адамзаттың ең үлкен қасіреті. Біздің ұрпақ сол алапатты өз көзімен көрді, өз жүрегімен сезінді. Біз бейбіт өмірдің шуағына шөлдеп, аман қалуды ғана арман еттік. Оқ пен оттың арасында жүріп, туған жердің төсін аңсадық. Майдан даласында ажалдың демі тым жақын еді, бірақ жүректе Отанға деген сүйіспеншілік оты алаулап тұрды. Біз жауға қарсы тұрып, ең қымбат нәрсе – тәуелсіздік екенін түсіндік. Жеңіс оңай келген жоқ, оның әр сәті көз жасымен, қанмен, қайғы-қасіретпен өлшенді. Біз өмірімізді соғыста сарп еттік, енді сендер бейбіт күннің қадірін біліңдер. Бірлік пен татулық – елдіктің тірегі. Соғыстың қара бұлты қайта үйірілмесін. Қазақтың аспаны мәңгі ашық, даласы дархан, халқы аман болсын! Біз жүріп өткен ауыр жолды ешкім қайта баспасын. Өмірдің ең үлкен сыйы – тыныштық. Сол тыныштықтың бағасын білетін ұрпақ өссе екен деп тілеймін,- дейді ақсақал батасын беріп.

Жүрегінде туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен өр рухтың жалыны алаулап тұрған сол күндерде Төлеубай Чектыбаев жауынгерлік жолында асқан ерлік көрсетті. Оның батылдығы мен қайсарлығы ескерусіз қалмады. І дәрежелі "Отан соғысы" ордені, "Ерлігі үшін" медалі және басқа да жауынгерлік марапаттар оның кеудесінде жарқырады. Бірақ ол үшін ең ұлы марапат – жаудың тізе бүгіп, елінің азаттық алғаны еді. Соғыс өрті сөнгеннен кейін де Төлеубай атамыздың өмірі күреске, ерік-жігер мен еңбектің ерен үлгісіне айналды. Оқуға деген құштарлығы оны Семей ауыл шаруашылығы техникумына жетеледі. Бірақ білім іздеу мұнымен тоқтаған жоқ.

Алматы зооветеринарлық институтында оқып, ауыл шаруашылығының қыр-сырын меңгерді. Кейін Алматы Жоғарыпартия мектебінде білімін толықтырып, ел ісіне белсене араласты. Ол – білімін еліне пайдасы тиетіндей іске жаратқан азамат болды. Зоотехник, экономист, совхоз директоры, ауылдық кеңес төрағасы сияқты жауапты қызметтерде жүріп, туған жерінің өркендеуі жолында жанын салды. Әр ісінде еліне, жұртына деген жанашырлығы, адалдығы көрініп тұрды. Оның басшылығымен ауылдарда еңбек өнімділігі артты, мал шаруашылығы күшейді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Ол тек басшылық етпей, қарапайым жұмысшылардың арасында жүріп, әр шаруаға жанашырлық танытты. Өмірлік серігі Роза Жақсыбаевамен бірге ол бір шаңырақтың алтын қазығын қалады. Ұл-қызын адалдық пен еңбекті сүйетін, білімге құштар етіп тәрбиеледі. Төрт ұлы, үш қызы – бүгінде елдің әр саласында абыройлы қызмет етіп, әке жолын жалғап келеді. Қарт жауынгердің төккен тері, жасаған жақсылығы, сіңірген еңбегі ұмыт қалған жоқ.

Соғыстан тірі қайтқандар құрмет-қошеметке ие болды. Ал нағыз ерлік сол майданда қаза тапқан сарбаздардың кеудесінде жатыр. Олар оққа ұшты, бір ғана Отаны үшін, елдің амандығы, жердің азаттығы үшін. Үйіндегі бала-шағасы, ата-анасы, іні-бауыры еркіндікпен еркін тыныстау үшін жан алып, жан берді. Бауыржан Момышұлы айтқанда, соғысста бізден де батыр, бізден мықты азаматтар болды. Олар ақтық демі қалғанша айқасты. Көп естеліктер көңілдің төрінде тұр, көбін жылдар ұмыттырды. Қарттық түстенгелі көп ойлардан айырлып қалдық. Ең бастысы еліміз аман, жұрттың басына жамандық тумасын. Бүгінде облыс әкімдігінен келген азаматтар түрлі сыйлығын әкеп жатыр. Ең бастысы елімізде соғыс болмасын. Соғыста ешкім жеңбейді, тек қара халық азап шегеді. Сондықтан бейтін күндеріміз көп болсын, - дейді қария.

Бүгінде жүз жасқа толған ардагер Талдықорған қаласында ұрпағының ортасында, немере-шөберелерінің ыстық ықыласын сезініп, бейбіт күннің шуағына бөленуде. 12 немере, 11 шөбере – оның өмірінің жалғасы, жүріп өткен жолының айғағы. Төлеубай Чектыбаев – қарапайым ауыл баласынан майдангер жауынгерге, соғыс батыры мен еңбек адамына, адал басшы мен ардақты ақсақалға айналған ерекше тұлға. Оның ғұмыр жолы – елге қызмет етудің, адалдықтың, табандылық пен өрліктің шынайы үлгісі. Ол – тарих беттерінде аты қалатын тұлға ғана емес, жүректерде мәңгі сақталатын есім. Оның ерлігі мен еңбегі, өмірлік қағидалары – өскелең ұрпаққа аманат. Туған жерін сүйген, еліне қалтқысыз қызмет еткен адамның ғұмыры – нағыз батырлықтың белгісі.

Айта кетейік, Жетісуда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына орай соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілгендерге – жалпы саны 3 218 адамға біржолғы әлеуметтік көмек төлеуге 393,8 млн теңге қарастырылған. Бүгінде солардың ішінде нақты Кеңес-герман соғысына қатысқан көзі тірі 3 ардагер ғана қалды. Олардың әрқайсысына 2 млн теңгеден 6 млн теңге беріледі. Одан бөлек облыс әкімдігі тарапынан жылына дәстүрлі түрде ардагерлер санаторий-курорттық тегін еммен қамтылады. Сонымен қатар қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық шығындарға жұмсалатын шығындары өтеледі деп күтіліп отыр.

Ақмарал Қайрат

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы