Майдан авиациясының экипаждары күндізгі және түнгі оқу-жаттығуларын орындауда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әуе қорғанысы күштерінде жауынгерлік оқу жоспарлы түрде жалғасып келеді. Ұшу экипаждары, инженерлік-техникалық құрам, қамтамасыз ету бөлімшелері күндізгі және түнгі ұшуларды орындау кезіндегі шеберліктерін шыңдауда, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Барлық шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталып отыр.
Қарағанды авиациялық базасында өткен ұшу жаттығуларына Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов тікелей басшылық етті.
Қазіргі заманғы Су-30СМ көпмақсатты жойғыштарын тақымдаған ұшқыштар ұшу техникасын, төмендеп және биіктеп ұшуда әуе навигациясын, түнде құрылғыларды қолдану арқылы ұшып-қонуды, екінші айналымға ұшу-қону жолағының үстінен ұшып өтуді пысықтады.
Одан бөлек, ұшу құрамын оқытудың бірыңғай әдістемесі, экипаждардың өзара іс-әрекеті және нұсқаушы ретінде экипаждардың жас командирлерді дайындауы да пысықталды.
Жауынгерлік даярлықтың ендігі кезеңінде ұшқыштар құрамына күрделі ауа-райында ұшу жүктеліп отыр.